05 Тамыз 2026, 13:11
«Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы (Арнаулы бағдарлама)» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы № 390 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидаларын бекіту туралы (Арнаулы бағдарлама)» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы № 390 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тиісті қолдау шараларының пакетімен тарту қағидалары (Арнаулы бағдарлама):
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) академиялық адалдық – білім беру процесіне қатысушылардың
мінез-құлқын айқындайтын, олар білім беру, тәрбиелеу, оқыту және (немесе) ғылыми қызметті жүзеге асыру кезінде сақтайтын адалдық, әділдік, құрмет, жауапкершілік пен сенім қағидаттарына негізделген нормалардың, қағидалар мен құндылықтардың жиынтығы;
2) кадрлық резерв мектебі – өз саласындағы көшбасшылар қатарынан басқарушылардың кадрлық резерві;
3) мектеп командалары – ортақ мақсат пен құндылықтар біріктірген педагогтер мен басқарушылар тобы (кейде оларға оқушылар да қосылуы мүмкін);
4) нысаналы өңірлер – білікті, ынталы педагогтерді тарту мен ұстап қалудың орнықты моделін құру және білім беру сапасын жақсарту үшін таңдалған өңірлер;
5) педагогтердің цифрлық технологиялық құзыреттері (бұдан әрі – педагогтердің ЦТ-құзыреттері) – педагогтің білім беру процесінде цифрлық технологияларды тиімді қолдану, білім алушыларды оқытудың дербестендірілген және бейімделген тәсілдерін жүзеге асыру, кері байланыс алу және оны беру қабілеті;
6) транскрипт (Transcript) – тиісті оқу кезеңі ішіндегі игерілген пәндер және (немесе) модульдер тізбесін және оқу жұмысының басқа түрлерін қамтитын, кредиттер мен бағалар көрсетілген құжат;
7) «Шабыт» бағдарламасы – ғылым, мәдениет, өнер және ағарту салаларындағы ұлы, атақты қазақ қайраткерлерінің еңбектерін ауқымды педагогикалық қоғамдастық өкілдері арасында насихаттауға бағытталған жоба. Жоба мынадай нысандарды пайдалану арқылы іске асырылады: дәріс, пікірталас, сұхбат, телекоммуникациялық құралдар арқылы.»;
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«18. Конкурсты өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен конкурстық комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады.
Комиссия алқалы орган болып табылады, оның құрамына «НЗМ» ДБҰ,
«Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ білім беру саласындағы азаматтық қоғам өкілдері кіреді.
Комиссия төрағасы оның мүшелерінің арасынан сайланады. Комиссия құрамы кемінде 11 (он бір) адамнан құралады.
Комиссия қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда комиссия құрамы қайта қаралады.
Комиссия құрамына кіретін тұлғалардың жеке мүдделері арасындағы қайшылық мүдделер қақтығысы деп түсініледі, бұл ретте көрсетілген тұлғалардың жеке мүдделері олардың өз міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін.
Комиссия мүшелерінде мүдделер қақтығысы туындаса, олар туындаған мүдделер қақтығысы туралы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы өздеріне белгілі болған сәттен бастап Комиссия төрағасын бұл туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Комиссия жазбаша өтініш негізінде шешім қабылдайды, ол хаттамамен ресімделеді.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган комиссия құрамына өзгерістер енгізу туралы бұйрық шығарады.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. ҮК кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы, сондай-ақ педагогикалық әдепті бұзуы туралы мәліметтердің бар-жоғы жөнінде
Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне сұрау салу жібереді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны және (немесе) педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны туралы жұмысқа орналасуға тыйым салатын мәліметтер анықталған кезде педагог конкурстан кез келген кезеңде шеттетіледі.»;
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«53. Конкурстың екінші кезеңінің нәтижелері бойынша конкурстық комиссия бекіткен тізімге сәйкес ҮК үміткерлерді бос лауазымдарға қабылдау үшін нысаналы өңірлердің орта білім беру ұйымдарына жібереді. Өңірлердің ҮК білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау кезінде педагогтерді командалық қағидат бойынша, яғни қазіргі сұранысты ескере отырып, бір білім беру ұйымына 2-3 және одан көп педагогтен жібереді. ҮК педагогтерді көшіру, орналастыру, еңбекақы төлеу және оларды қолдаудың тиісті ынталандырушы шаралары пакетімен қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіреді, ол пакетке мыналар кіреді:
«Мемлекеттік ұйымдар педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20622 болып тіркелді) сәйкес республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері есебінен есептелетін лауазымдық айлықақының 150 %-ы мөлшеріндегі ынталандырушы қосымша ақы;
тартылған педагогтерді білім беру ұйымдары басшыларының, басшылар орынбасарларының кадрлық резервіне қосу, оларды оқытуды ұйымдастыру;
екі жылда бір рет «Жылдың үздік жас мұғалімі» конкурсын өткізу (жүлде қоры ретінде Қазақстанның жетекші білім беру ұйымдарында 3 айлық тағылымдама, орта білім беру мәселелері бойынша халықаралық конференцияларға жіберу көзделеді).»;
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«55. Мұғалімдерге тиімді әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «НЗМ» ДБҰ нысаналы өңірлердегі педагогтердің кәсіптік сұранысына диагностика мен зерттеу жүргізеді. Диагностика мен зерттеу педагогтердің кәсіптік сұранысын айқындау бойынша мұғалімдерге, мектеп басшыларына сауалнама жүргізуді, мұғалімдердің ЦТ-құзыреттері деңгейін анықтауды, 1-11-сыныптарда сабақтарды қадағалап, кері байланыс беруді қамтиды.»;
58-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«58. Орта білім беру жүйесіне ЦТ тиімді интеграциялау мақсатында нысаналы өңірлерде білім беру ұйымдары педагогтерінің ЦТ-құзыреттері деңгейіне бағалау жүргізіліп, оларды жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленеді.»;
көрсетілген Қағидаларға 1, 6, 7, және 8-қосымшалар осы қаулыға 1, 2, 3, және 4-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2026 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының бесінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу