18 Қыркүйек 2018, 10:11
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Қаржы министрлігінің ұжымына жаңа министр — Әлихан Смайыловты таныстырды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Әлихан Смайылов қаржы министрі болып тағайындалды.
«Ол кісіні барлығыңыз білесіздер, қаржы министрінің орынбасары болды, түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды, сонымен қатар Президенттің экономика бағытындағы көмекшісі болды. Қаржы саласын жетік меңгерген. Әлихан Смайылов тәжірибелі маман, басшы. Жаңа лауазымда Мемлекет басшысының сенімін ақтайтынына сенімдімін», — деді Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таныстыру барысында.
Премьер-Министр Қаржы министрлігінің алдында бюджет мәселесіне қатысты үлкен міндет тұрғанын атап өтті. Оны атқару жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындау қажет. Сонымен қатар, салық бөлігіне қатысты жұмыстарға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев Бақыт Сұлтановқа бірлесіп жемісті еңбек еткені үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі. Еске салайық, Мемлекет басшысының Жарлығымен Б. Сұлтанов Астана қаласының әкімі болып тағайындалған еді.
Айта кетейік, бүгін таңертең Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің отырысында ҚР қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін Ә. Смайыловтың кандидатурасы келісілген болатын. Аталған мәселе Комитет отырысында «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 22-1 бабына сәйкес қарастырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу