ҚР Үкіметінің отырысы, 4.08.2026

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауарларды қолдау және ілгерілету жөніндегі шаралар қаралды. Онда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, Қазақстанның сауда желілері одағы төрағасының орынбасары Эльбеги Әбдиев, сондай-ақ өңірлердің әкімдері баяндама жасады.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірінші жартыжылдықтың қорытындылары туралы баяндады. Биыл жыл басынан бері ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті. Өсім 15,3% құрады. Мұндағы негізгі үлес азық-түлік сегментіне тиесілі. Оның өсуі шамамен 30%-ды құрады. Отандық АӨК өндірушілерінің және сыртқы нарықтардағы ұстанымдар нығайтылуда.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың ақпараты бойынша, саланы жаңғыртудың негізгі бастамалары мен бағдарламалары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда. Олардың негізгі мақсаттары – қосылған құны жоғары өнім үлесін ұлғайту, ішкі нарықты қорғау, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру және ірі өндірістердің айналасында шағын және орта бизнестің тұрақты белдеуін қалыптастыру.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов базалық өнімдердің көпшілігі бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80% және одан жоғары екенін атап өтті. Бұдан басқа, жергілікті өндірісті ұлғайту және импортты алмастыру есебінен құс еті, балық, қант, ірімшік және сүзбе, шұжық өнімдері мен алма бойынша қамтамасыз етуді 80% деңгейіне жеткізу бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде.

Премьер-министр ішкі нарықты қазақстандық өндіріс өнімдерімен толтыру, өткізу нарықтарын кеңейту және отандық тауарларды сыртқы нарықтарда белсенді ілгерілету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне назар аударды. «Қазақстан жасалған» ұлттық таңбасы сатып алушылар сенетін жоғары сапамен байланысты болуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу