Мемлекеттік сатып алулардың электронды форматы бизнеске жыл сайын 10 млрд тг дейін үнемдеуге жол ашады — Б. Сұлтанов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы секторын цифрландыру мәселесі қаралды.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017 жылы министрлік 18 млн көрсетілетін қызметтен шамамен 16 миллионын немесе 88%-ін электрондық түрде көрсеткенін айтты.

«2018 жылдың соңына дейін 6 мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру, 25 мемлекеттік қызмет бойынша көрсету мерзімін және ұсынылатын құжаттар тізбесін қысқарту жоспарланған. Электрондық салықтық декларацияларды веб-порталға және «Электрондық Үкімет» мобильдік қосымшасына аудару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Б. Сұлтанов.

Бұның нәтижесінде электрондық түрде көрсетілген қызметтердің үлесі 95%-ға дейін жеткізілетін болады.

Салықтық есеп тапсыру, акциз маркасы мен фискалдық чекті тексеру секілді сервистер АT компаниялардың өз қосымшалары мен сервистерін әзірлеуі үшін ашық интерфейс түрінде қолжетімді болады.

«Орталықтандырылған бірегейлендірілген дербес шот» жүйесінің енгізілуімен салық берешегі бар/жоғы туралы анықтама беру бойынша қызмет көрсету уақыты үш күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды (жыл сайын 5 млн-нан астам анықтама беріледі).

Б. Сұлтанов дербес шоттарды орталықтандырудың арқасында салықты қате төлеу жағдайлары үш есеге азайғанын, бұл негізсіз өсімпұл есептеуді болдырмауға алып келгенін, сондай-ақ салық төлеушінің өтінішінсіз бір салықтан басқа салыққа автоматты түрде есепке жатқызу мүмкіндігі пайда болғанын мәлімдеді.

«Бүгінде Қаржы министрлігі бюджеттік жоспарлау процесін оңтайландыру және автоматтандырумен айналысып жатыр. Аталған жұмыс бюджеттік өтінімді қалыптастыру шығындарын (қағаз, кеңсе тауарлары, іссапар шығыстары, пошта қызметтері) 70%-ға, ал келісу мерзімдерін төрт есеге, 80-нен 20 күнге дейін қысқартады», — деді қаржы министрі.

Сондай-ақ, Б. Сұлтанов қазіргі таңда елімізде мемлекеттік сатып алу толығымен электрондық форматта ғана жүзеге асырылатынын айтты. Бұл жыл сайын бизнеске 10 млрд теңгеге дейін (пошта және іссапар шығыстарына), ал мемлекетке — 200 млрд теңгеден астам үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда «Астана-1» АЖ-ның көмегімен кедендік операциялардың орындалуы электрондық ортада жүзеге асырылады. Кедендік тазарту уақыты бір минутқа дейін қысқарды. Жүйе толыққанды іске қосылғаннан бастап екі-ақ айдың ішінде, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың үнемдеуі шамамен 3 млрд теңгені немесе 72% құрады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өз сөзінде қаржы секторы цифрлық технологиялар белсенді қолданылатын жетекші салалардың бірі екеніне тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның барлық дерлік банктерінде мобильді банкинг жүйесі енгізілген. Мобильді банкинг қызметтерін банктердің 60% (20 ЕДБ) ұсынады, олар банктердің барлық клиенттік базасының шамамен 90% қызмет көрсетеді. Бұл жүйелерде шамамен 10 млн пайдаланушы тіркелген, олардың ішінде 30% (3 млн) тұрақты түрде операциялар жүргізеді.

«Күн сайын тұрғындар цифрлық банкинг арқылы 6 млрд теңге сомасына 400 мың транзакция жасайды. Бизнес субъектілерінің қаржылық операцияларының 70% (заңды тұлғалар) дистанциялық сервистер арқылы да жүргізіледі», — деді Ұлтық банк басшысы. 

Сонымен қатар Д. Ақышев клиенттерге қызмет көрсетуді оңтайландыру үшін мемлекеттік органдармен электронды өзара ықпалдастыққа көшу іске асырылып жатқанын айтты. Қаржы секторы үшін клиенттерден оларға қаржылық қызметтер көрсетілген жағдайда талап етілетін қағаз анықтамаларды жою мәселесі өзекті болып тұр.

Ұлттық банк сонымен қатар жаңа технологияларды енгізумен байланысты жобаларды іске асырып жатыр. Атап айтқанда, наурыз айының соңында блокчейн-технологиялар базасында «Invest Online» жүйе іске қосылған.

Бұдан өзге, банк қауымдастығымен бірлесіп клиентті қашықтықтан сәйкестендіру механизмін енгізу, онлайн-сақтандыру жүргізу, жылдам төлем жасау үшін инфрақұрылым ұйымдастыру, қаржы секторында киберқауіптерден қорғау жүйесін құру тәрізді бірқатар жаңа бастамалар жүзеге асырылуда.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өз кезегінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы секторын цифрландыру бойынша 2 бағытта 10 іс-шара қарастырылғанын баяндады: «Экономиканы салаларын цифрландыру» бағыты бойынша 6 іс-шараға Ұлттық банк жауапты, Цифрлық мемлекетке көшу» бағыты бойынша 4 іс-шараны орындау Қаржы министрлігіне жүктелген.

Ұлттық банктің барлық шаралары Ұлттық банктің өз қаражаты мен қаржы нарығының қатысушылары есебінен қаржыландырылады.  Жобалар уақытылы іске асырылуда.

Екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерін мемлекеттік деректер қорымен және ақпараттық жүйелерімен байланыстыру мәселелеріне келсек, Д.Абаев «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ сәйкестік нөмірлерінің ұлттық тізілімінен ақпарат алушылар тізіміне енгізу бойынша «Ұлттық сәйкестік нөмірлері тізілімдері туралы» заңға, сонымен қатар «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ мемлектетік органдардан немесе оларға бағынышты ұйымдардан мемлекеттік деректер қоры иелерімен келісімге келу арқылы ақпарат алу тәртібін айқындауға қатысты «Несие бюросы және несие тарихын жасау туралы» заңға  тиісті түзетулер енгізілгенін атап өтті. 

Түзетулерді 21.06.2018 ж.  Парламент Сенаты мақұлдады. Қазіргі кезде түзетулер Мемлекет басшысының қол қоюында жатыр.

Аталған мәселе тек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің ЕДБ қолжетімділігін қамтамасыз ететіндіктен, Д. Абаев ЕДБ деректерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне ұсыну қажеттігі туралы айтты  (Bank2Gov).

«Қазіргі кезде Ұлттық банк ГБД ЮЛ, ФЛ Ұлттық банк шлюзімен кіріктіру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қолданыстағы ақпараттық жүйелердің кірігуін қайталауды болдырмау мақсатында Ұлттық банктің заңнаманың барлық нормаларын сақтай отырып Gov2Bank және Bank2Gov кірігуін техникалық іске асыру мәселесін кешенді пысықтауын жөн деп санаймыз», — деді Д. Абаев.

 

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу