Жолдау-2019: Мемлекет басшысының басты тапсырмалары

2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне ерекше көңіл бөлінген.

Мемлекет басшысы қойған міндетке сәйкес, алдағы уақытта әрбір қазақстандық өзіне ыңғайлы шарттармен сапалы баспана алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Президенттің тапсырмасына орай, алдағы 5 жыл ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 650 мыңнан астам тұрғын үй (76,6 млн м2) салу жоспарланып отыр, бұл екі млн-ға жуық азаматты баспанамен қамтамасыз етеді.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру мақсатында «7–20–25» бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауында да аталып өтті. Президент әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жолдауда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігі аталып өткен, сондай-ақ, оның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту жөнінде тапсырма берілген. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл үш жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 млрд теңге салық түсіруге және 3 трлн теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу