Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артты —  А. Евниев биыл 11 айда саланы дамыту қорытындылары туралы

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев 2018 жылдың 11 айындағы ауыл шаруашылығы саласының даму қорытындылары туралы баяндады.

Оның мәліметтеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы оң қарқын көрсетіп отыр. А. Евниев хабарлағандай, осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9%-ға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы өсім 3,9% құраса, өсімдік шаруашылығында ол 2,3% болған.

ҚР АШМ хабарлауынша, биыл гектарына 15,1 центнер түсімділікпен 22,8 млн тонна астық бастырылды.

Тірідей салмақтағы ет өндірісі – 4,3%-ға, сүт өндірісі – 3,3%-ға, жұмыртқа өндірісі –10,6%-ға өсті.

«Тамақ өнімдерінің өндірісі аталған кезеңде 1,7%-ға артты», — деп баяндады ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев, бірқатар өңірлерде тамақ өнімдері мен сусын өндірісінің төмендеуі байқалып отырғанын атап өтіп. Әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, өндірістің бұлай төмендеу себептерінің бірі халықтың алкогольсіз сусындарға деген сұранысының азаюы болып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу