Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 03 мамырдағы № 239 қаулысы

«Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау қағидаларын және оны төлеу мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы№ 383 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы  (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау қағидаларын және оны төлеу мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы  № 383 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж.,  № 40, 524-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау қағидаларында және оны төлеу мөлшерінде:

6-тармақтың 3) және 7) тармақшалары алып тасталсын;

9-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«9. Орган қорғаншының немесе қамқоршының жәрдемақы алуға құқығын өтініш түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде тексереді және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындау немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығарады және тіркеу журналында белгілейді.

Осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген мән-жайлар қорғаншыларға немесе қамқоршыларға жетім баланы (жетім балаларды) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы (балаларды) күтіп-бағуға жәрдемақы тағайындаудан бас тартуға негіз болып табылады.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                      А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу