Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №612 Қаулысы

«Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы
№116 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы
    № 116 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларында және олардың мөлшерлерінде:

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидалары және олардың мөлшерлері (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау мен төлеу тәртібін, сондай-ақ олардың мөлшерлерін айқындайды.»;

4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы
№ 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытының шеңберінде білім алушыларға мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелеріне қарамастан төленеді.»;

5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Бірінші академиялық кезеңге мемлекеттік стипендия мемлекеттік тапсырыс бойынша бірінші курсқа (бірінші оқу жылына) қабылданған барлық студенттерге, магистранттарға тағайындалады және 1 қыркүйектен бастап бірінші академиялық кезең және академиялық кезең мен каникул аяқталатын айдың соңына дейін қоса алғанда, ай сайын төленеді.»;

8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Аралық аттестаттауды (емтихан сессиясын) академиялық күнтізбеде белгіленген мерзімде дәлелді себептер бойынша (сырқаттану, отбасы жағдайы, дүлей апаттар, академиялық немесе кредиттік ұтқырлық бойынша оқу) тапсырмаған студенттерге, интерндерге, магистранттарға білім беру ұйымының басшылығы білім алушы растайтын құжаттарды тапсырғаннан кейін аралық аттестаттау (емтихан сессиясын) тапсырудың жеке мерзімдерін белгілейді.»;

14, 15, 16, 16-1, 17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Мемлекеттік стипендиялар білім алушылардың үлгерімін бақылау жүктелген бөлімше бастығының қызметтік жазбасы (ұсынысы) негізінде білім беру ұйымы басшысының немесе уақытша оның міндетін атқарушының бұйрығымен тағайындалады.

 15. Жеке тұлғаларға мемлекеттік стипендияларды төлеу осы Қағидалардың 16-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сомаларды ақша алушы таңдаған банкте ашылған ағымдағы шотқа аудару жолымен жүзеге асырылады.

16. Мемлекеттік стипендияларды төлеу төлем карточкасын жасау немесе екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы шоттарды ашу кезеңінде, сондай-ақ ұйым орналасқан жерде екiншi деңгейдегi банктер, олардың пункттері және төлем карточкаларына қызмет көрсететін құрылғылар болмаған жағдайда ұйымның кассалары арқылы жүзеге асырылады.

 16-1. «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының білім алушыларына мемлекеттік стипендия тағайындау және төлеу тәртібі «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

 17. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері:

1) даярлаудың педагогикалық бағыттарында және даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 31423 (отыз бір мың төрт жүз жиырма үш) теңге;

2) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттарында оқитын студенттерге – 50400 (елу мың төрт жүз) теңге;

3) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша оқитын студенттерге – 50400 (елу мың төрт жүз) теңге;

4) интерндерге – 59289 (елу тоғыз мың екі жүз сексен тоғыз) теңге;

5) магистранттарға – 76950 (жетпіс алты мың тоғыз жүз елу) теңге;

6) «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттарға – 143750 (жүз қырық үш мың жеті жүз елу) теңге;

7) докторанттарға – 172500 (жүз жетпіс екі мың бес жүз) теңге;

8) даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша докторанттарға 172500 (жүз жетпіс екі мың бес жүз) теңге;

9) даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша дәрігер-резиденттерге және магистранттарға – 88494 (сексен сегіз мың төрт жүз тоқсан төрт) теңге;

10) мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақысының, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатқан магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендиядан төмен емес деңгейде;

11) техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 21787 (жиырма бір мың жеті жүз сексен жеті) теңге мөлшерінде белгіленеді.

 18. Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 20948 (жиырма мың тоғыз жүз қырық сегіз) теңге мөлшерінде белгіленеді.»;

мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

«20-1. «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экологиялық апат аймағында тұратын білім алушыларға стипендия төлеу экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін коэффициент қолданыла отырып белгіленеді.»;

24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«24. Осы Қағидалардың 23-тармағында белгіленген жағдайлар бойынша мемлекеттік стипендиялар төлеуді тоқтату білім беру ұйымдары басшыларының немесе уақытша оның міндетін атқарушы тұлғаның тиісті бұйрығын шығару арқылы жүзеге асырылады.».

  1. Осы қаулы:

1) 1-тармақтың 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма төртінші, жиырма бесінші абзацтарын;

2) 1-тармақтың 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін он жетінші, он сегізінші, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                  А. Мамин

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу