Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 07 қарашадағы №835 Қаулысы

«Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы»

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы № 620 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 49, 675-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларында:

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру
мен жүргізу үшін облыстарда (республикалық маңызы бар қалаларда немесе астанада) және аудандарда (қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша Заңның 28-бабында айқындалған құрамда әскерге шақыру комиссиялары құрылады. Әскерге шақыру комиссияларының тағайындалған мүшелерінің бірі сырқаттанған немесе басқа да дәлелді себептермен болмаған жағдайда тиісті жергілікті атқарушы органдардың шешімімен әскерге шақыру комиссиясының резервтік құрамы айқындалады және бекітіледі. Жергілікті әскери басқару органдары бірнеше әкімшілік аудандарға қызмет көрсеткен кезде әскерге шақыру комиссиялары тиісті аудан әкімі орынбасарының төрағалық етуімен әрбір ауданда құрылады.»;

6-тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшалары алып тасталсын;

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру нәтижелері бойынша Заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес шешім қабылдайды.»;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Әскерге шақырылушылардың аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмеген, сондай-ақ шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған барлық жағдайлар туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру және әскерге шақыру пунктіне келуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына хабарлайды. Әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген адамдарға материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды жауаптылыққа тарту үшін тиісті органдарға беріледі.»;

14-тармақта:

бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Азаматтарды медициналық куәландыру тәртібі және медициналық комиссиялардың құрамы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің
2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығымен бекітілген Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидасына (2015 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11846 болып тіркелген) сәйкес айқындалады.»;

үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

«Әскерге шақыру пунктіндегі медициналық персоналдың жұмысын бақылауды медициналық комиссия төрағасы – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтау басқармасының жергілікті органы бастығының (бас дәрігердің) орынбасары жүзеге асырады.»;

мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

«Азаматтардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін айқындау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, қаланың немесе ауданның медициналық комиссиясы тұрақты негізде Заңның 29-бабының
1-тармағында белгіленген адамдарды медициналық куәландыруды жүргізеді.»;

15-тармақ алып тасталсын;

16-тармақта:

бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

«16. Аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде олардың мамандығын, денсаулық жағдайын ескереді, осыған байланысты басым түрде:»;

3), 4) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«3) десанттық-шабуылдау әскерлерін жасақтау үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу жалпы орта білімнен төмен емес білімі бар,
дене бітімі жақсы дамыған, бірінші кезекте парашютші спортшылар қатарынан жүзеге асырылады;

4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметін жасақтау үшін әскерге шақырылушыларды іріктеу «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» 1995 жылғы 3 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы белгілеген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілеріне білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылады;»;

«9) сарбаздар қатарынан сержанттарды, кіші мамандарды даярлауға арналған оқу-жаттығу бөлімдері мен мектептерге кемінде жалпы орта білімнен төмен емес білімі және жоғары моральдық қасиеттері бар әскерге шақырылушылар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі. Оқу-жаттығу бөлімдеріне кандидаттарды іріктеу кезінде сонымен қатар олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі;»;

мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

«9-1) Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланын жасақтау үшін іріктеу негізгі орта білімнен төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылар қатарынан жүзеге асырылады. Бұл ретте заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ әскерге шақырылушыны әскерге шақыру сәтінде белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар жақын туыстары бар адамдар әскерге шақырылмайды. Әскерге шақырылушыларды іріктеу және алдын ала зерделеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскери бөлімдерінің өкілдері тартылады;»;

мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Жергілікті әскери басқару органының бастығы мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақырылушыларды зерделеу және іріктеу бойынша жұмыс жүргізеді.»;

18-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Тексеруді жергілікті атқарушы органның, қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің), білім беру ұйымдары мен өзге де мекемелердің өкілдерінен тұратын тиісті комиссиялар жүргізеді. Тексеру нәтижелері бойынша комиссия осы Қағидаларға 2-1-қосымшаға сәйкес әскерге шақырылушының отбасы жағдайын тексеру актісін жасайды.»;

31-тармақтың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері
мен әскери құралымдары үшін әскерге шақырылушыларды медициналық қарап-тексерудің соңғы кезеңі – облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың) жиын пунктіндегі, ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне тағайындалған әскерге шақырылушылар үшін жас буынды қабылдау пунктіндегі дәрігерлердің жұмысы болып табылады. Медициналық қарап-тексеру кезінде денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды болдырмау мақсатында аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының ықтимал қателіктері анықталады.»;

36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«36. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары
және олардың тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың) жиын пункттерінде әзірленген жоспарларға сәйкес әскерге шақырылушылар арасында қажетті тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастырады, шығарып салуға келген ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізеді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және әскерге шақырылушылар ата-аналарының қатысуымен әскери командалардың
жеке құрамын салтанатты түрде шығарып салуды ұйымдастырады.

Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың немесе астананың) жиын пункттерінде, сондай-ақ жол жүргенде әскерге шақырылушылармен тәрбие және идеологиялық жұмысты жүргізу кезінде жоғары ұйымшылдық
пен тәртіпті қамтамасыз етуге, жергілікті тұрғындарға қатысты бұзақылық
және басқа да жат қылық жасау жағдайларын болдырмауға назар аударылады. Жол жүргенде және тоқтаған жерлерде өзін-өзі ұстау қағидалары мен қауіпсіздік шаралары, жеке құрамның әскери тәртіпті, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қатаң сақтау қажеттілігі түсіндіріледі.»;

39-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Атаулы тізім әрбір жөнелтілетін әскери командаға 4 данадан жасалады. № 1 және 2 даналар есептік-қызметтік карточкалармен, амбулаториялық науқастың медициналық карталарына қосымша парақтармен бірге,
сондай-ақ әрбір әскерге шақырылушыға жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері әскери команданың бастығына беріледі. Тізімнің № 3 данасы әскери команда бастығының әскерге шақырылушыларды қабылдағаны туралы қолхатымен қорғаныс істері жөніндегі департаментте қалады. Тізімнің № 4 данасы әскери билеттерді беру ведомосымен бірге тігіледі.»;

49-тармақта:

8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«8) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен әскери қызметке кіруге кедергі келтіретін сотталғандығы туралы мәліметтердің болмауы туралы анықтаманы.»;

9) және 10) тармақшалар алып тасталсын;

57-тармақтың бірінші бөлігі алып тасталсын;

58 және 59-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«58. Әскери міндеттілер әскери жиындарға:

1) орталық атқарушы органдар өткізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде;

2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары өткізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты дайындау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабымен келісу бойынша облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдігінің қаулысы негізінде шақырылады.

59. Әскери жиындар өткізу жөніндегі нақты міндеттерді жыл сайын:

1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы;

2) жергілікті атқарушы органдарда (аумақтық қорғанысты дайындау жөніндегі) – жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы айқындайды.»;

65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«65. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери жиындарды жалпы жоспарлауды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен мекемелері үшін жетіспейтін мамандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекіткен әскери жиындарға шақырылуға жататын әскери міндеттілердің жыл сайынғы саны негізінде жүзеге асырады.

Жергілікті атқарушы органдарда аумақтық қорғанысты дайындау бойынша әскери жиындарды жоспарлауды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жүзеге асырады.»;

76-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Тіркелген құрамды жиындарға жіберу кезінде тек денсаулық жағдайына шағым білдірген әскери міндеттілер, сондай-ақ десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімдерінің, авиацияның ұшу-көтерілу және сүңгуірлер лауазымдарына тіркелген құрамының жиындарына жіберілетін адамдар медициналық тексерілуге жатады.»;

95-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«95. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады, оларға:

1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен;

2) жергілікті атқарушы органдарда – тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджетте көзделген жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін әскери міндеттілерге ең төменгі жалақы төленеді.»;

 

108-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдеріне бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет өткерген азаматтар тіркеледі.»;

осы қаулыға қосымшаға сәйкес 2-1-қосымшамен толықтырылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                                                                 А. Мамин

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу