Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 8 маусымдағы №475 қаулысы

«Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы №164 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы
    № 164 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

         көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау органдарының қажеттіліктері үшін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, телекоммуникациялардың бірыңғай желісінің ресурстарын дайындау және пайдалану қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

         «2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

         1) байланыс арналарын ауыстыру немесе зақымданған жағдайда оларды қалпына келтіру жөніндегі шұғыл шаралар – резервтегі байланыс арналарын, желілерін, құралдарын, қосалқы мүлік пен керек-жарақтарды пайдалануды, жұмыс уақытынан тыс жұмыстарды, түнгі уақытта жұмыс жүргізуді, жұмыскерлерді демалыстан және іссапардан шақыртып алуды, басқа ұйымдарды және арнайы құралымдарды тартуды қамтитын, байланыс қызметтерін көрсетуді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар кешені;

         2) басым тәртіппен көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсыну – кезектілік тәртібімен немесе бұрын жасалған шарттардың талаптары бойынша көрсетілетін байланыс қызметтерін алуға құқығы бар барлық мүдделі жеке және заңды тұлғалармен келіспей және кезектен тыс байланыс қызметтерін көрсету;

         3) бірыңғай телекоммуникация желісінің ресурстары – ортақ пайдаланылатын, арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілері, ведомстволық, бөлінген, корпоративтік ақпарат беру желілері, телевизиялық және радиохабар тарату желісі иелерінің көрсетілетін байланыс қызметтерін ұсынуының техникалық және әкімшілік мүмкіндіктері;

         4) ерекше маңызды жұмыстар мен іс-шаралар – мемлекет және үкімет басшыларының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруіне байланысты жұмыстар мен іс-шаралар;

         5) Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысының телекоммуникация (байланыс) жүйесі – төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс әскерлерін басқаруды қамтамасыз ету үшін әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде қолданылатын телекоммуникация желісінің ресурстарын пайдалануға бағытталған ұйымдық-техникалық іс-шаралар кешені;

         6) телекоммуникация желілерін дайындау және пайдалану – телекоммуникация желілері арқылы байланыс қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін жағдай жасауға және пайдаланушылардың мұқтажын қанағаттандыру үшін мұндай қызметтерді тікелей көрсетуге бағытталған шаралар кешені.»;

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

         «4. Байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарт техникалық ерекшелік негізінде жасалады. Көрсетілген шартта техникалық сипаттама мен сапа сипаттамасынан басқа мыналар көзделеді:

         1) байланыс арналарын, желілері мен құралдарын резервке қоюды қамтамасыз ету;

         2) электр сигналдарын тарату ортасына қойылатын талаптар;

         3) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;

         4) байланыс арналарын, желілерін, құралдарын уақытша жалға беру, олардың жұмыс параметрлері мен төлемақысын өзгерту қызметтерін көрсету;

         5) зақымдалған жағдайда байланыс арналарын ауыстыру немесе оларды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдау;

         6) техникалық қызмет көрсету үшін байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру.»;

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

         «6. Арнайы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлеуді бөлу, жұмыс істеуін, киберқауіпсіздігін, трафик өткізуін, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан шығару) шарттарын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін осы желілер арқылы мұқтаждығын қамтамасыз ету көзделіп отырған пайдаланушылардың басшылары айқындайды.»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

         «15. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде пайдалануға дайындау Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға және аса маңызды цифрлық объектілерге жатқызылған ұйымдарға қатысты талаптарын орындауға сайып келеді.»;

21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

         «21. Телекоммуникация желілерінің және цифрлық жүйелердің иелеріне бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің, өртке қарсы қызметтің, құқық қорғау органдарының, кезек күттірмейтін медициналық жедел жәрдем қызметтерінің, авариялық-құтқару және басқа да қызметтердің нөмірлеріне, азаматтардың, елді мекендер мен өндірістік объектілердің тіршілік әрекеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті төтенше жағдайлар, табиғи және техногендік апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және өзге де жағдайлар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік цифрлық ресурстарға  абоненттердің қол жеткізуін шектеуге тыйым салынады.

         22. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация, телерадио хабарларын тарату желілерінің, цифрлық объектілерінің иелері азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өтініші бойынша республикалық және аумақтық деңгейлердегі құлақтандыру жүйелерінің басқару арналарын қолданыстағы циркулярлы шақыру, бейне-және радиосигналдарды, мәтіндік және электрондық хабарлама беру жүйелеріне қосады.».

         2. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                 О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу