07 Сәуір 2026, 10:00
«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларында:
2-тармақтың 17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«17) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (бұдан әрі – тізілімінің веб-порталы) – Интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналасқан, тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарттар бойынша цифрлық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс;»
15 және 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«15. Тұрғынжайды жекешелендіру тәртібімен меншігіне алу үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 12 тамыздағы № 437 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде
№ 23983 болып тіркелген) бекітілген «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалардың (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалар) талаптарына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына не «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауына құжат тапсырады.
16. Өтініш беруші осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде тұрғын үй комиссиялары дауыс беру жолымен тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды немесе дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.
Құжаттар тұрғын үй комиссиясының қарауына «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы ұсынылған болса, тұрғын үй комиссиясының құрамы порталда қалыптастырылады.
Тұрғын үй комиссиялары дауыс беру және шешім қабылдау үшін тізілімнің веб-порталына кіруді ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе жеке басын биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырады.»;
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«19. Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғынжайды мемлекеттік кәсіпорындар немесе мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан коммуналдық меншікке беру «Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 4 тамыздағы № 75 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларына (бұдан әрі – Беру қағидалары) сәйкес беру туралы шешім шығарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғынжайды коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мен коммуналдық мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан коммуналдық тұрғын үй қорына беру күнтізбелік
15 (он бес) күн ішінде тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық нысанда жүргізіледі.».
2. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу