Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі №178 Қаулысы

Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарын айқындау туралы

«Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 16) тармақшасына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу үшін жұмыспен қамтылған адамдардың мынадай жекелеген санаттары айқындалсын:

1) мыналарды:

моторлы көлік құралдарын шығаруды және өзі өсірген жүзімнен шарап өндіруді көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлар/өнімдер шығаруды жүзеге асыратындарды;

«Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 918 қаулысына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесіне енгізілген металлургия өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыратындарды;

қиыршықтас және құм карьерлерін игеруге арналған жобаларды қоспағанда, өз қызметін тау-кен өндіру өнеркәсібінде жүзеге асыратындарды;

мемлекеттік кәсіпорындар/мекемелер, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шарт шеңберінде құрылған кәсіпкерлерді қоспағанда) тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын құрылтайшыларды (оның ішінде қатысушыларды, акционерлерді) қоспағанда, ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер;

2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген қысқартылатын жұмыскерлер;

3) дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын адамдар және (немесе) әрекетсіз дара кәсіпкерлер;

4) отбасылық кәсiпкерлiкте еңбекақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын адамдар;

5) жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз адамдар;

6) табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз өндірістік кооператив мүшелері.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының     Премьер-Министрі                                                             А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу