Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 11 сәуірдегі №259 қаулысы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сорттарын бекіту туралы» 2025 жылғы 22 қыркүйектегі № 780 және «Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына және ондағы тетрагидроканнабинолдың жол берілетін құрамын айқындауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 797 қаулыларына өзгерiстер енгiзу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешiмдерiне мынадай өзгерістер енгізілсін:

1) «Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сорттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 22 қыркүйектегі № 780 қаулысында:

көрсетілген қаулымен бекітілген есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігінің сорттары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

2) «Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына және ондағы тетрагидроканнабинолдың жол берілетін құрамын айқындауға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 797 қаулысында:

көрсетілген қаулымен бекітілген есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсіруге рұқсат етілген сора (каннабис) өсімдігін өсіру шарттарына қойылатын талаптарда:

2-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) Пайдалануға ұсынылатын селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмi (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) – өндiрiсте шаруашылық мақсатта Пайдалану үшiн ұсынылатын сортты, тұқымды қамтитын Қазақстан Республикасының пайдалануға ұсынылатын селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi;»;

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Есірткі және психотроптық заттарды өндірумен немесе дайындаумен байланысты емес өнеркәсіптік мақсаттарда өсірілетін сора (каннабис) өсімдігінің егістері елді мекендерден, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарынан және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының егістерінен кемінде 300 (үш жүз) метр қашықтықта, тұқым өндіру үшін өсірілетін сора (каннабис) өсімдігінің егістері кемінде 2 (екі) километр қашықтықта орналастырылуға тиіс және егіс алаңдарының шекаралары нақты айқындалған қорғау аймағымен қамтамасыз етіледі, учаскенің периметрі бойынша тор немесе тікенек сымды қоршау орнатылады, тәулік бойғы күзет қамтамасыз етіледі және кіріп-шығатын бір орын белгіленеді не санкциясыз кірудің алдын алуды қамтамасыз ететін күзет пен мониторингтің техникалық құралдары (бейнебақылау, пилотсыз ұшу аппараттары, сигнал беру жүйелері,
GPS-бақылау) қолданылады»;

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Пайдаланар алдында сора (каннабис) өсімдігінің тұқымдары міндетті түрде зерттеліп, ТГК құрамының осы қаулының 2-тармағында белгіленген нормадан аспайтыны расталады.

Себуге дайын сора (каннабис) өсімдігінің тұқымдарын зерттеу егіс жұмыстары басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын жүргізіледі.

Сора (каннабис) өсімдігінде ТГК-ның болуына зерттеу жүргізу вегетациялық кезең ішінде міндетті болып табылады және мына мерзімдерде жүзеге асырылады:

1) белсенді өсу кезеңінде – сепкеннен кейін 40-45 күн ішінде;

2) орып-жинау алдындағы кезеңде – сепкеннен кейін 90-120 күн ішінде/өнім жинауды бастар алдында.

Сора (каннабис) тұқымдары мен өсімдігінде ТГК-ның болуын зерттеуді сот сараптамасы органы лицензия негізінде сора (каннабис) өсімдігін өсірумен айналысатын заңды тұлғалардың қаражаты есебінен шарттық негізде жүргізеді.

Зерттеу нәтижелері бойынша сот сараптамасы органы сора (каннабис) тұқымдарында немесе өсімдігінде ТГК-ның болуына қатысты маманның қорытындысын ресімдейді.

Зерттеу нәтижелері бойынша TГК-ның болуы белгіленген деңгейден асып кеткен жағдайда барлық егіс алаңы тексерілуге тиіс.

Бүкіл егіс алаңында ТГК болуының белгіленген деңгейден асып кеткені анықталған жағдайда сот сараптамасы органы тиісті ақпаратты үш жұмыс күні ішінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                         О. Бектенов

 

Қосымша

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу