Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 маусымдағы №492 қаулысы

«Терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 877 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларын бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 877 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларында:

2, 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, терроризм актісінің салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу көрсетілген тұлғаларға (бұдан әрі – мүліктің меншік иелері) тиесілі жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын төлеу жолымен жүргізіледі.

 3. Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен расталатын болса, мүліктің жойылуы немесе зақымдануы, терроризм актісінің жасалуы мен мүліктің жойылуы немесе зақымдануы арасында себептік байланыстың болуы мүліктің құнын өтеуге негіз болады.

4. Мүліктің құны мүліктің меншік иесіне Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 20-бабына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 551 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларына сәйкес жергілікті бюджеттерде ағымдағы қаржы жылына бекітілген көлем шегінде жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарға арналған резервтерінде көзделген қаражат есебінен жергілікті атқарушы органның ақша қаражатын төлеуі жолымен өтеледі.

5. Мүлікке меншік құқығы немесе өзге де заттық құқық, осы мүліктің құрамы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген тиісті құжаттармен, сондай-ақ мүліктің меншік иесінің және куәгерлердің түсініктемелерімен расталады.

6. Мүліктің өтелетін құнының мөлшерін айқындауды мүліктің меншік иесінің және бағалаушының қатысуымен жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

Мүлік құнын өтеу мөлшері зақымдалған мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) үшін қажетті шығыстар және (немесе) мүліктің зақымдануы салдарынан оның арзандауының мөлшері ескерілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының нарықтық құнын бағалау туралы есеп негізінде не терроризм актісі нәтижесінде жойылған мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есеп негізінде мүлік құнын өтеу кезінде жергілікті жерде қолданылатын нарықтық баға бойынша белгіленеді, бұл ретте жойылған немесе зақымдалған мүліктің ескіруі ескеріледі.

Зақымдалған мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) шығыстары оны қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстардың сметасымен немесе калькуляциясымен расталады.

 Мүліктің меншік иесінің мүлікті бағалауды жүргізуге, зақымдалған мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) жұмсалатын шығыстардың сметасы мен калькуляциясын жасауға байланысты көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша құжаттамамен расталған шығыстары мүліктің өтелетін құнына қосылады.

7. Терроризм актісі нәтижесінде жойылған немесе бүлінген мүліктің құнын өтеу үшін мүліктің меншік иесі терроризм актісінің жасалауына қатысты  сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтініш береді, ол осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылады.

Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтініште: жойылған немесе бүлінген мүлік, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) жұмсалатын шығыстар және (немесе) мүліктің бүлінуі салдарынан оның арзандау мөлшері не жойылған мүліктің құны көрсетіледі.

Жергілікті атқарушы органға келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішпен мүліктің меншік иесінің өзі жүгінуі мүмкін болмаған жағдайда оның жақын туыстары, сондай-ақ заңды өкілдері, олар он сегіз жасқа (кәмелеттік жасқа) толмаған жағдайда сенімхат негізінде жүгіне алады.»;

9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«9. Келтірілген мүліктік зиянды өтеу туралы өтінішке қоса мүліктің меншік иесі жергілікті атқарушы органға:»;

13-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3) жойылған және зақым келген мүлікке бағалау жүргізу;»;

17-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«17. Бағалаушы бағалау туралы есепті жасағаннан кейін жергілікті атқарушы орган өтініш пен тиісті құжаттар негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен залалды өтеуге қаражат бөлуді көздейтін қаулы қабылдайды.»;

18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«18. Жергілікті атқарушы орган ақша қаражатын үш жұмыс күні ішінде мүліктің меншік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына аударады.».

 

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                                         О. Бектенов

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу