Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 14 қазандағы №662 Қаулысы

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу жағдайларын айқындау туралы

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі 6-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелудің мынадай жағдайлары айқындалсын:

1) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын aлу және салдарын жою;

2) төтенше жағдай енгізу кезеңі;

3) аса қауіпті инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және оларды емдеу;

4) орфандық (сирек кездесетін) ауруларды емдеу.

2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

1) «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы  гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу жағдайларын айқындау туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2298 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 4, 48-құжат);

2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 маусымдағы № 380 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 20, 173-құжат).

3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

         Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі   А. Мамин

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу