Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 19 қазандағы №933 қаулысы

«Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы


Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім), Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), Қазақстан Республикасының Салық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Нотариат туралы», «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларында:
9-тармақ мынадай редакция жазылсын:
«9. Тізімдеме актілерін есепке алу үшін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерін есепке алу кітабы (бұдан әрі – есепке алу кітабы) жүргізіледі. 
Есепке алу кітабын уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган мемлекеттік мүлік тізілімінде цифрлық форматта жүргізеді. Есепке алу кітабында тізімдеме актілері олардың түсуіне қарай тіркеледі.
Уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның басшысы есепке алу кітабын жүргізуге жауапты қызметкерді айқындайды.
Цифрлық форматтағы есепке алу кітабындағы жазбалар әрбір оқиға: тізімдеме актісіне қол қою, бағалау туралы есеп алу немесе қабылдау-беру актісіне қол қою орын алған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі және есепке алу кітабын жүргізуге жауапты қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
Мемлекеттік мүлік тізілімінде техникалық іркіліс болған жағдайда уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган қағаз форматтағы есепке алу кітабына жазуды анық және қатесіз жүргізеді. Қағаз форматтағы есепке алу кітабы нөмірленуге, тігілуге және уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның мөрімен бекітілуге тиіс.
Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган техникалық іркіліс жойылған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей қағаз форматтағы есепке алу кітабындағы жазбаларды мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізеді.»;
мынадай мазмұндағы 25-1, 25-2, 25-3, 25-4, 25-5 және 25-6-тармақтармен толықтырылсын: 
«25-1. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлға қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға немесе осындай тұлғаның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға (бұдан әрі – мемлекеттік заңды тұлға) хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара кезінде оған және (немесе) оның отбасы мүшелеріне берілген (табыс етілген) мемлекеттік мүлік құрамына өтеусіз түскен сыйлықты өтеусіз алуға құқылы.
25-2. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықты мемлекеттік заңды тұлғаның өтеусіз алуы үшін тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) не мемлекеттік заңды тұлға қарамағында болатын жергілікті атқарушы орган уәкілетті органға мүлікті мемлекеттік заңды тұлғаның теңгеріміне беру қажеттігі туралы қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) ұсынады.
Қорытынды осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлға өзіне және (немесе) өзінің отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара барысында берілген (табыс етілген) сыйлықты уәкілетті органға берген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынады.
Қорытындыда мемлекеттік заңды тұлғаның атауы, сыйлықтың атауы, оның саны, сыйлық берілген (табыс етілген) хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шараның атауы мен күні көрсетіледі.
Қорытындыға тиісті саланың уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның басшысы не ол уәкілеттік берген немесе оның міндетін атқаратын тұлға қол қояды.
25-3. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 14 және 14-1-тармақтарына сәйкес сыйлықты одан әрі пайдалану, оның ішінде өткізу немесе беру үшін бағалауды қамтамасыз етеді.
25-4. Уәкілетті орган «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған бағалау құны туралы есепті алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қорытынды негізінде осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе өзге де ресми іс-шара барысында берілген (табыс етілген) сыйлықты мемлекеттік заңды тұлғаның балансына беру және бекіту туралы шешім қабылдайды.
25-5. Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықты мемлекеттік заңды тұлғаның теңгеріміне беру уәкілетті органның шешімі негізінде мүлікті қабылдау-беру актісімен ресімделеді.
Мүлікті қабылдау-беру актісі уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде беруші және қабылдаушы тараптар қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасайды және қол қояды, мүлікті қабылдау-беру актісін ресімдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысына бір-бір данадан беріледі.
Мүлікті қабылдау-беру актісіне қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде уәкілетті орган мемлекеттік мүлік тізіліміне сыйлықтың республикалық немесе коммуналдық мүлік құрамына берілгені туралы мәліметтерді енгізуді жүзеге асырады.
25-6. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған не мемлекеттік заңды тұлға мүлікті қабылдау-беру актісіне белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда уәкілетті орган сыйлықты одан әрі осы Қағидалардың 26-2 немесе 
27-тармақтарына сәйкес пайдаланады.»;
26-1, 26-2 және 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«26-1. Сыйлықты уәкілетті органға берген тұлға жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы.
Бұл ретте осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе өзге де ресми іс-шара барысында берілген (табыс етілген)  сыйлықты осы Қағидалардың
25-1-тармағында көрсетілген мемлекеттік заңды тұлға талап етпеген жағдайда «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша сатып алуға болады.
26-2. Сыйлықты сатып алу уәкілетті орган сыйлықты алған тұлғадан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде уәкілетті орган мен сыйлықты алған адам арасындағы сатып алу-сату шарты бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе өзге де ресми іс-шара барысында берілген (табыс етілген) сыйлықты сатып алу уәкілетті орган мен сыйлықты тапсырған тұлға арасында жасалған сатып алу-сату шарты бойынша осы Қағидалардың 25-2 және 25-5-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде жүзеге асырылады.
Тапсырылған сыйлықты беру сыйлықтың «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған, сатып алу-сату шартында көрсетілген құнын толық төлегеннен кейін уәкілетті орган мен сыйлықты тапсырған тұлға арасында қабылдау-беру актісіне қол қою арқылы жүргізіледі.
27. Сыйлықты тапсырған тұлға сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін ғана осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықты қоспағанда, уәкілетті орган сыйлықты өткізуге құқылы.
Осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген тұлғаға және (немесе) оның отбасы мүшелеріне хаттамалық немесе басқа да ресми іс-шара кезінде берілген (табыс етілген) сыйлықты уәкілетті органның өткізуі сыйлықты тапсырған тұлға оны сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін мемлекеттік заңды тұлға тарапынан талап етілмеген жағдайда жүзеге асырылады.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі                        О. Бектенов 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу