27 Қазан 2026, 09:05
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 551 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шілдедегі № 551 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін бөлу және пайдалану қағидаларында:
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«30. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарға арналған резервтерінен бюджет қаражатын бөлу туралы қаулысын дайындау мынадай жағдайларда:
1) Бюджет кодексінің 18-бабының 1-тармағында көзделген шығындарды қаржыландыру үшін;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервіндегі ақшаға мұқтаждық ағымдағы қаржы жылында туындаған және оларға қажеттілік бюджеттік бағдарлама әкімшісінің бұрынғы міндеттемелерімен байланысты болмаған кезде;
3) Бюджет кодексінің 14-бабының 3-тармағына сәйкес электр және жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті бір мезгілде жүзеге асыратын және теңгерімінде жиырмадан астам жылу көзі бар, оларға қатысты оңалту рәсімі қолданылған коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын (борыштарын) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының резерві есебінен субсидиялау үшін жүзеге асырылады.»;
54-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«54. Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен бөлінген бюджет қаражатын алатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаржы жылының қорытындысы бойынша «Бюджеттік мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 275 бұйрығына сәйкес тиісінше бюджетті атқару жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органдарға резервтердің пайдаланылуы туралы есеп береді.
Резервтердің пайдаланылуы туралы есептер олардың түрлері бойынша қалыптастырылады, оларда қаражатты бөлу себептері, тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген, қол жеткізілген түпкілікті нәтижелер көрсетіледі және тиісті шығындарға бюджетте баламалы көздердің жоқ екендігі және бюджетті әзірлеу кезінде оларды жоспарлаудың мүмкін еместігінің себептері туралы ақпарат қамтылуға тиіс.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу