Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы №141 Қаулысы

«Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын iске асыру бойынша салық саясатының мәселелері жөнiндегi шаралар туралы

«Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

  1. 2020 жылғы 1 қазанға дейінгі кезеңге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне қосылған тауарларды өткізу айналымдарын жасаған және олардың импорты кезінде қосылған құн салығының мөлшерлемесі 8 % мөлшерінде белгіленсін.
  2. Қазақстан Республикасының аумағында экспортқа өткізілетін бензин (авиациялықты қоспағанда), дизель отыны бойынша акцизделетін тауарларды өндірушілер 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге акциз төлеуден босатылсын.
  3. 2020 жылға туризм, қоғамдық тамақтандыру және қонақүй қызметтері саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық мөлшерлемелеріне «0» коэффициенті белгіленсін.
  4. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері санатына жатқызылған салық төлеушілер үшін:
  • барлық салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімін 2020 жылғы 1 маусымға дейін ұзарту берілсін;
  • тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, салық және кеден берешегін, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын және мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану 2020 жылғы 1 маусымға дейін тоқтатыла тұрсын;
  • тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, төтенше жағдай кезеңінде (2020 жылғы 15 наурыздан бастап 2020 жылғы 15 сәуір аралығында) туындайтын, «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 114-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген хабарламаны орындау мерзімдері 2020 жылғы 1 маусымға дейін ұзартылсын;
  • төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу мерзімдерінің өтуі тоқтатыла тұрсын, бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру мерзіміне кірмейді.
  1. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрi                                                                                   А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу