Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 1100 қаулысы

«Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларында:

1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидалары (бұдан әрі − Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес әзірленді және квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторингті және бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидалардың мақсаты квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі борышы жай-күйінің мониторингі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген шектеулердің сақталуын бақылау болып табылады.»;

3-тармақта:

1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«1) даму жоспары – мемлекеттік кәсіпорынның, акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;»;

5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

«5) қарыз алушы – квазимемлекеттік сектор субъектісі;

6) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі − тізілім) − Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті жəне мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;»;

мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

«7-1) іс-шаралар жоспары – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің және ұлттық компанияның бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат.»;

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Қарыз алушылардың сыртқы және ішкі борышының ағымдағы жай-күйінің мониторингі даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылады.»;

7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Қарыз алушылар:

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын (бұдан әрі − қор) қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы № 149 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10663 болып тіркелген) бекітілген Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларына
2-қосымшаның 10-нысанына cәйкес;

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы
14 ақпандағы № 14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18328 болып тіркелген) бекітілген Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларына 26-қосымшаға сәйкес тізілімге электрондық түрде қарыз бойынша ақпаратты алдағы бесжылдық кезеңге қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, тоқсан сайынғы негізде есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күніне дейін жібереді.

8. Қор «Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Ұлттық әл-ауқат қорының интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысандарын және орналастыру кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қазандағы № 1384 қаулысымен бекітілген 1-нысанға сәйкес қордың интернет-ресурсында алдағы бесжылдық кезеңге арналған қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, қарыздар бойынша ақпаратты тоқсан сайынғы негізде есепті айдан кейінгі айдың 25-ші күніне дейін орналастырады.»;

12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«12. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттік борыштың жай-күйі туралы мәліметтерді есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген мынадай борыштық шектеулердің сақталуын бақылауды жүзеге асырады:

1) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жиынтығында жалпы ішкі өнімге қатысты 53,2 %-дан аспауға тиіс, оның ішінде квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жалпы ішкі өнімге қатысты 21,2 %-дан аспауға тиіс. Борыштың жоғарғы шегін есептеуге мемлекет бақылайтын ұйымдардың өзара міндеттемелері және резидент емес бақыланатын ұйымдардың міндеттемелері енгізілмейді;

2) Үкіметтің сыртқы борышы (мемлекет кепілдік берген сыртқы борышты есепке алғанда) мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры валюталық активтер сомасының 75 %-ына тең мөлшерден аспауға тиіс.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                           Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу