Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1129 қаулысы

«Жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 614 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы
№ 614 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидаларында:

2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«1) депозитор (салымшы) – Қазақстан Республикасының резиденті және бейрезиденті болып табылатын жеке тұлға, оның ішінде дара кәсіпкерлік субъектісі, жекеше нотариус, адвокат, кәсіби медиатор;»;

3, 4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Өтемақы (сыйлықақы) төлеу өтелетін депозиттер бойынша жүзеге асырылады.

Өтемақы төлеу мынадай депозиттер бойынша жүзеге асырылмайды: талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты салымдар және ағымдағы банктік шоттар. Депозиторға (салымшыға) өтемақы (сыйлықақы) төлеу әрбір қатысушы банкте 20000000 (жиырма миллион) теңге шегінде 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңындағы жағдай бойынша қолданыста болған өтелетін депозиттегі ақша сомасына жүзеге асырылады.

Депозиторда (салымшыда) бір қатысушы банкте біреуден артық өтелетін депозит болған кезде өтемақы (сыйлықақы) төлеу осындай қатысушы банктегі өтелетін депозиттерде 20000000 (жиырма миллион) теңге шегіндегі жалпы ақша сомасына жүзеге асырылады.

Мұрагерге өтемақы төлеген кезде және мұрагердің дәл сол қатысушы банкте салымы (салымдары) болған кезде осындай қатысушы банкте өтемақы қайтыс болған салымшыға және мұрагерге тиесілі салым (салымдар) бойынша бөлек-бөлек, бірақ қайтыс болған салымшының барлық салымдары бойынша жиынтығында 20000000 (жиырма миллион) теңгеден асырмай және осындай қатысушы банктегі мұрагерге тиесілі барлық салымдар бойынша жиынтығында 20000000 (жиырма миллион) теңгеден асырмай жүргізіледі.

4. Өтемақы (сыйлықақы) төлеу осы Қағидалардың 10, 11, 12 және
13-тармақтарында көзделген мерзімдер ескеріле отырып, осы Қағидалардың
3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген күннен бастап 12 (он екі)
ай өткеннен кейін жүзеге асырылады.

Осы Қағидалардың 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген күннен бастап 12 (он екі) ай өткеннен кейін депозитор (салымшы) өтемақысы (сыйлықақысы) жоғалмайтын өтелетін депозитті талап етуге құқығы бар.

5. Өтемақы (сыйлықақы) төлеу осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген кезең ішінде жиынтығында мынадай шарттарға сәйкес келетін депозиторлардың (салымшылардың) өтелетін депозиттері бойынша жүзеге асырылады:

өтелетін депозиттің мерзімі аяқталмаған не кемінде 2023 жылғы
23 ақпанды қоса алғанға дейінгі мерзімге бір немесе бірнеше рет ұзартылған;

өтелетін депозитті толық алып қою жүзеге асырылмаған, оның ішінде банктік салым шарты мерзімінен бұрын тоқтатылмаған.

Егер өтелетін депозиттің мерзімі өтіп кетсе және 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап 2023 жылғы 1 қаңтар аралығын қоса алғандағы кезеңде ұзартылмаса, салымшының келісімімен осындай өтелетін депозиттен ақшаны өтелетін жаңа депозитке(терге) аударуға жол беріледі, бұл ретте мұндай аударымның жинақ шотынан, оның ішінде «Жеке тұлғалардың талап етілгенге дейінгі салымдары» шотынан не 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында қолданыста болған өтелетін депозиттің қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты қатысушы банк ақшаны қайтарған жағдайда депозитордың (салымшының) ағымдағы шотынан жүзеге асырылуы шарт.

Қайта ұйымдастыру және борышты аудару шеңберінде қатысушы банктің депозиторлар алдындағы міндеттемелерді беруі, сондай-ақ депозит (салым) бойынша құқықтардың, оның ішінде мұрагерлерге (құқық мирасқорларына) ауысуы депозитті толық алып қою/банктік салым шартын мерзімінен бұрын тоқтату ретінде қаралмайды.»;

7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Өтемақыны (сыйлықақыны) төлеу Қағидалардың осы тармағына сәйкес 2023 жылғы 10 ақпаннан кешіктірмей өз келісімін өтініш арқылы растаған депозиторларға (салымшыларға) жүзеге асырылады.

Депозитор (салымшы) қайтыс болған жағдайда қайтыс болу туралы растайтын құжаттар 2023 жылғы 10 ақпанға дейін ұсынылған кезде өтемақы (сыйлықақы) төлеу үшін өтініш беру талап етілмейді.

Депозитордың (салымшының) келісімі туралы өтінішті беру тәртібі мен тәсілін қатысушы банк осы Қағидаларға сәйкес айқындайды.

Қатысушы банктер депозиторларға (салымшыларға) өтемақы (сыйлықақы) алу мүмкіндігі және Қағидалардың осы тармағына сәйкес келісу туралы өтініш арқылы келісім беру қажеттігі туралы хабарлайды.

Депозитордың (салымшының) келісімі туралы өтініште депозитордың (салымшының) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және осы Қағидаларды іске асыру мақсатында қажетті ақпарат, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат «ПКҚ» АҚ-ға, Орнықтылық қоры мен Қорға ұсынылған келісімі, сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өтемақы (сыйлықақы) төлеу және осы Қағидаларды іске асыру мақсаттары үшін «ПКҚ» АҚ-ның және Қордың дербес деректерді жинауына және өңдеуіне келісімі көрсетіледі.

Қатысушы банкке осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімде келісімі туралы өтініш бермеген депозиторларға (салымшыларға) өтемақы (сыйлықақы) төлеу жүзеге асырылмайды.

Осы тармақтың екінші бөлігінде айқындалған жағдайда мұрагерлерге өтемақыны одан әрі төлеу мұраның қабылданғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда жүргізіледі.

8. Өтемақы (сыйлықақы):

өтелетін депозиттен 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейін ақша ішінара алынбаған кезде – 2022 жылғы 23 ақпандағы операциялық күннің соңында өтелетін депозитте бар, бірақ 10 %-ға (он пайызға) көбейтілген,
20000000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сома ретінде;

2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезеңде өтелетін депозит толықтырылған, одан ақша ішінара алынған кезде 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін операциялық күннің соңында тіркелген өтелетін депозиттің ең төменгі қалдығының сомасына, бірақ 10 %-ға (он пайызға) көбейтілген,
20000000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сомасына жүзеге асырылады.

Осы Қағидалардың 5-тармағының екінші бөлігіне сәйкес өтелетін жаңа депозит (депозиттер) ашылған кезде өтемақыны (сыйлықақыны) есептеуде өтелетін депозиттің мерзімі өткен күннен бастап өтелетін жаңа депозит жасалған күнге дейінгі кезең үшін операциялық күн ішінде тіркелген ең төменгі қалдық ескеріледі.

2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезеңде салымдар тұрғын үй құрылыс жинақтарына біріктірілген кезінде өтемақыны (сыйлықақыны) есептеу 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап
2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін операциялық күннің соңында тіркелген біріктірілген салымдардың ең аз қалдығының сомасына, бірақ салымшының тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі барлық салымдары бойынша жиынтығында 10 %-ға (он пайызға) көбейтілген 20000000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сомаға жүзеге асырылады.

Салымдар 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезеңде тұрғын үй құрылыс жинақтарына бөлінген кезде өтемақыны (сыйлықақыны) есептеу бөлінген салымдардың 2022 жылғы
23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін операциялық күннің соңында тіркелген ең аз қалдығының сомасына,
бірақ салымшының тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі барлық салымдары бойынша жиынтығында 10 %-ға (он пайызға) көбейтілген, 20000000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сомаға жүзеге асырылады.

2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезеңде тұрғын үй құрылыс жинақтарына салым (салымдар) құқықтары өтеусіз бөгдеге берілген кезде өтемақыны (сыйлықақыны) есептеу 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанның соңына дейінгі кезең үшін операциялық күннің соңында тіркелген салымның (салымдардың) ең төменгі қалдығының, бірақ салымшының тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі барлық салымдары бойынша 10 %-ға (он пайызға) көбейтілген, жиынтығында 20000000 (жиырма миллион) теңгеден аспайтын сомасына жүзеге асырылады.

Бұл ретте салымшының тұрғын үй құрылыс банкіндегі барлық салымдары бойынша жиынтығындағы сомасы 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша 20000000 (жиырма миллион) теңгеден асатын тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымды (салымдарды) өтеусіз бөгдеге берген жағдайда көрсетілген шектен асатын салымдар сомалары салымды қабылдаған салымшыдағы өтемақы есебіне енгізілмейді.»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Қор қатысушы банктерден өтемақы сомаларын есепке жатқызу туралы есептерді алғаннан кейін 18 (он сегіз) ай ішінде қатысушы банктердің өтемақы (сыйлықақы) сомаларын есептеуіне осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан және Өзара іс-қимыл туралы келісімде айқындалған тәртіппен іріктеп тексеру (мониторинг) жүргізеді.

Мониторинг нәтижелерін Қор «ПКҚ» АҚ-ға Өзара іс-қимыл туралы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік
он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                        Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу