20 Сәуір 2026, 10:34
«Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларында:
5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін ЖАО-ның ұсынуы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.
Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек айлық есептік көрсеткіштің кемінде 2,5 еселенген мөлшерінде белгіленеді және күнтізбелік бір жылда бір рет тағайындалады.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Алушылар санаттарының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.
Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.»;
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға осы Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен немесе осы Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сұрау салулар қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде санамаланған құжаттардың бірі:
дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік мәні бар сырқатының болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде осы Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.»;
22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«22. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмекті есептеу және көрсету кезінде тиынмен есептелген барлық сомалар тиын сомасына қарамастан, бір теңгеге дейін дөңгелектеледі.
23. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерге кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.»;
28 және 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«28. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-і күні әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджет қаражатына сұранысты қалыптастырады.
29. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-і күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша ақшалай қаражатты әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келесі айдың 1-і күнінен кейін мемлекеттік корпорацияға аударады.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу