10 Наурыз 2026, 10:00
«Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 мамырдағы № 743 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 мамырдағы № 743 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бірлескен құпия жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді беру қағидаларында:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Мемлекеттік құпияны Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе азаматтарына беру тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушы арасында жасалатын бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың негізінде жүзеге асырылады.
Тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушының арасында жасалатын бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартта азаматтық заңнамаға сәйкес мынадай мәселелер реттелуі қажет:
1) жұмыстарды жүргізу процесінде де, олар аяқталғаннан кейін де мемлекеттік құпияның сақталуын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушінің бақылауды жүзеге асыруының тәртібі мен тапсырысты орындаушының жауапкершілігі;
2) мемлекеттік құпияны қорғау жөніндегі жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) қаржыландыру шарттары;
3) ұлттық қауіпсіздік органдарының мемлекеттік құпия пайдаланылатын жұмыстарды жүргізуге рұқсатының не лауазымды тұлғаға немесе Қазақстан Республикасының азаматына ресімделген мемлекеттік құпияларға рұқсаттың бар-жоғы туралы мәліметтер (нөмірі, күні, қолданылу мерзімі және кім берген);
4) беру жоспарланып отырған мемлекеттік құпиялардың тізбесі (тізбе бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартқа бөлек қосымша ретінде ресімделеді, онда берілетін құжаттардың (жеткізгіштердің) атаулары, құпиялылық белгілері, есептік нөмірлері, даналардың нөмірлері, парақтарының саны көрсетіледі).
Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың нысанасы тапсырыс берушіге тиесілі, мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған цифрлық жүйелерге қызмет көрсету болса, берілетін құжаттардың (жеткізгіштердің) атауларының орнына бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартқа еркін нысандағы анықтама қоса беріледі, онда қызмет көрсетілетін цифрлық жүйелерде айналымда жүрген, мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтердің қысқаша сипаты көрсетіледі.
Бірлескен құпия жұмыстарды жүргізуге арналған шартты жасасуға, сондай-ақ оның орындалуын бақылауға жауапты құрылымдық бөлімшені тапсырыс берушінің басшысы айқындайды.».
2. Осы қаулы 2026 жылғы 11 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу