Мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректорын тағайындады

Мемлекет басшысының Өкімімен Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Ерғали Мерзадинов түрлі жылдары Алматы қаласының Калинин ауданының прокурор көмекшісі, прокуратураның аға тергеушісі болып еңбек еткен.

Қазақ КСР прокуратурасында тергеу басқармасының прокуроры, аса қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімінің басшысының орынбасары, кейіннен — Қазақ көлік прокуратурасының анықтауды, тергеуді қадағалау бөлімінің басшысы, Совет ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

1996 жылдың наурыз айынан бастап 2002 жылдың ақпанына дейін Ерғали Мерзадинов Солтүстік Қазақстан облысының, Алматы қаласы және Қарағанды облысының прокуроры болды.

2002 жылдың ақпанында ҚР ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды.

2004 жылғы мамырдан 2005 жылғы маусымға дейін Астана қаласының прокуроры болды.

2005 жылдың 30 маусымында Ерғали Мерзадинов ҚР Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалды.

ҚР Президентінің келісімімен Бас прокурордың 2009 жылғы 6 мамырдағы бұйрығымен Ерғали Мерзадинов Бас әскери прокурор болып тағайындалды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу