Көші-қон мәселесі мен қандастарымыздың тарихи отанына оралу жағдайына қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Жұмағұлов, М. Бақтиярұлы, С. Бектұрғанов, Н. Жүсіптің 2020 жылғы 13 наурыздағы № 16-13-68 көші-қон мәселесі мен қандастарымыздың тарихи отанына оралу жағдайына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин


Көші-қон мәселесі мен қандастарымыздың тарихи отанына оралу жағдайына қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

Қазақстандағы көші-қон тұжырымдамасының басым бағыттарына қатысты 

Елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 602 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017 – 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) жүзеге асырылуда.  

Тұжырымдама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсаттары мен міндеттеріне бағытталған қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етуге және республика аумағы бойынша халықты қоныстандыруға арналған оңтайлы жүйені қалыптастыруға, сондай-ақ көші-қон процестерін реттеуге мүмкіндік береді. 

Қойылған мақсаттарға жету үшін Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  • шетелдік және жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы арасындағы диспропорцияны тұрақты бақылау (2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда ҚР еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша 440 тексеру жүргізді). 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасында кемсітушілік фактілеріне жол бермеу және талаптарды сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық өзгерістерді қарастырды. Сонымен қатар, жұмыскерлерге тең санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс берушілердің міндеттерін белгілеу мәселесі пысықталуда. Біліктілігі төмен шетелдік мамандарды азайту арқылы отандық жұмыскерлерді тарту үлесі артады (қазақстандық азаматтардың саны 1, 2-санат бойынша кемінде 70%, ал 3 және 4-санаттар бойынша кемінде 90% болуы шарт); 

  • мүдделі мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 

Жұмыс тобының отырыстарында әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, еңбек ұтқырлығын арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қосымша тетіктер енгізілді. Атап айтсақ, 2020 жылдан бастап халықтың шамадан тыс қоныстануына жол бермеу мақсатында Алматы қаласы шығу өңірлеріне, ал еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола және Қарағанды облыстары қабылдау өңірлеріне қосылды; 

  • шетелде тұратын қандастарымыздың Қазақстан аумағында бизнесті дамытуына ықпал жасау үшін 2019 жыл бойы Отандастар қоры бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Швеция, Дания, Норвегия және Финляндия елдерінде орналасқан ҚР Елшіліктерінің қолдауымен қандастарымыз үшін бизнес форумдар өткізілді. Оның аясында қандастарымыз еліміздегі бизнес әлеуеттің дамуымен танысып, өз ісін жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды. 

Этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша жаңа, жүйелі шараларға қатысты 

2016 жылдан бастап 2020 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тұрғылықты тұруға 101 375 адам көшіп келді, оның ішінде этникалық қазақтар – 57 773 адамды құрайды. Олар көбінесе Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан және Қырғызстаннан көшіп келген. 

Шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына тарту және оларды еліміздің ішінде бейімдеу мақсатында мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  • 2019 жылғы 15 қарашада этникалық қазақтардың тарихи отанына келгенде қажетті мемлекеттік қызметтерді бір құжаттар тізбесімен электрондық форматта алуына мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Оның аясында оралман мәртебесін, ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат және ҚР азаматтығын алу сияқты мемлекеттік қызметтерді композиттік түрде ұсыну көзделді;
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. 

Аталған Заң жобасы шеңберінде азаматтық алуға құжаттарды қарау мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарту қарастырылған. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға шектеусіз рұқсат беру көзделді. 

Сонымен қатар, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтарына көзделген барлық әлеуметтік қолдауларға қол жеткізе алады. Бұл бағыттағы мақсат – қандастарымызды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік қорғау және тең жағдай жасау болып табылады.

Қазақстан азаматтығынан шыққан, ұлты қазақ азаматтар санының өсуіне қатысты 

2000 жылдардың басында елдегі эмиграциялық процестер тұрақтанды, тіпті оң динамика байқалды (2007 жылы + 33 мың адам). Бірақ соңғы жылдары шет елдерге тұрақты тұруға кеткендердің саны қайтадан өсті және жыл сайын 29-42 мың адам шегінде өзгеріп отырады, бұл халықтың 0,2% құрайды. 

Негізінен ел халқы ТМД елдеріне, оның ішінде 87,2% Ресей Федерациясына қоныс аударды. 

Елден кеткендердің этникалық құрамы: орыстар – 132,7 мың адам (67,5%); немістер – 11,8 мың адам (5,9%); украиндар – 12,3 мың адам (6,2%); қазақтар – 7,8 мың адам (4%); татарлар – 4,5 мың адам (2,2%); басқалары – 27,8 мың адам (14,1%). 

Халықтың көшіп кетуінің негізгі себептері: тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу (РФ, Германия, Израиль, Польша); білім алу және кейіннен жұмысқа орналасу (РФ, АҚШ, Канада, Польша, Германия); өмір мен табыстың жоғары деңгейіне ұмтылу (АҚШ пен Еуроодақ); шет елден отандастарды қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының болуы (РФ, Польша, Израиль); көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін білім гранттарын бөлу (РФ) болып табылады. 

Сонымен қатар, Қазақстан түрлі интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы болғандықтан, көші-қонға Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы, көптеген елдермен визасыз режимдердің орнатылуы, халықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі әсер етеді. 

Елімізден халықтың кетуін азайту мақсатында жастардың тегін жоғары білім алуына 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінді, 11 мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс орындарын құру индикаторлары енгізілді, жұмыспен қамту шаралары кеңейтілді. 

Жалпы, елімізде табиғи өсім көрсеткіші тұрақты жағдайда. 

Ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметіне қатысты 

Қазақстанда жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеледі. 

Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне қызметкердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн оның өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады. 

Бүгінгі таңда елімізде 92 жекеше агенттік аталған қызметтерді көрсетеді. Олардың қызметі жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылады. 

Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс тауып беруді ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың жарнамасы маркетингтік қадам болып табылады. Оларды тежеу үшін мемлекеттік органдар тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. 

Еліміздің жастарын шетелдерге кетуге үгіттейтін интернет ресурстарындағы ақпаратқа байланысты мемлекеттік органдар тарапынан шетке кетуге бейім аудиториямен жүргізілетін жұмыс жөнінде 

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды ақпараттық сүйемелдеуді 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» бірыңғай республикалық медиа-жоспар шеңберінде жүзеге асырады. 

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы әртүрлі алаңдарда түрлі форматтар – тақырыптық телебағдарламалар, спикерлердің сөз сөйлеулері, инфографикалар, бейнероликтер, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. 

Халықтың шетелдерге кетуі, патриоттық сезімді тәрбиелеу, көші-қон мәселелері республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде: «Анығын айтқанда», «Актуально», «Интервью», «Өзекті», «Сұхбат», «Online», «Prime time», «Qoǵamdyq talqylaý», «Masele», «Basty taqyryp», «Ақшам алаңы», «Вечерний прайм», «Время вашего вопроса», «Панорама недели және басқа да бағдарламаларда жарияланады.

Ақпараттық ілгерілету үшін танымал informburo.kz, tengrinews.kz, nur.kz, zakon.kz, kapital.kz, total.kz, newtimes.kz және т. б. интернет-ресурстарда ақпараттар орналастырылады. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мәселелер бойынша 2 636 материал жарияланды (оның ішінде республикалық БАҚ-та – 747, өңірлік БАҚ-та – 434, интернет-ресурстарда – 1 505). 

Жалпы, көші-қон мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу