Қазақстанда жарты жылда 421 нысан жекешелендірілді — Б. Сұлтанов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды. 

ҚР қаржы министрі Б. Сұлтановтың хабарлауынша, осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Кешенді жоспардың 887 нысанынан сауда-саттыққа 502-сі шығарылып, олардың 421-і 216 млрд теңге сомасына сатылды. 266 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша, қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4% құрайды.

«Биыл бірінші жарты жылдықта сауда-саттыққа 104 нысанды шығару жоспарланды. Іс жүзінде 89 нысан шығарылды және 15 нысан бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 36 млрд теңгеге 39-ы сатылды», — деді министр Б. Сұлтанов.

Бұдан өзге, жалпы Кешенді жоспардың 63 нысанының бүгінгі күнге дейін 110,5 млрд теңгеге 15-і сатылды. Осы жылы 39 нысанды сату жоспарланып отыр. Бірінші жарты жылдықта оның 8-і сауда-саттыққа шығарылып, 2-і сатылды. Қалған нысандар бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізілуде.

Сондай-ақ, Б. Сұлтанов түгендеу нәтижелері бойынша жекешелендіру нысандарының тізіміне коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың 38 нысаны қосымша енгізілетінін жеткізді. Олар бойынша сатушылар шұғыл түрде жол карталарын жасау және оларды Тізімге енгізу бойынша шараларды қабылдауы тиіс.

«Жалпы алғанда, жекешелендіру процесі сату кестелеріне сәйкес жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін 87 нысан сатылымға шығарылады, оның ішінде республикалық меншіктегі – 20 нысан; коммуналдық меншіктегі – 31 нысан және квазимемлекеттік сектордағы – 36 актив», — деді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында Қормен бірлесе отырып қордың компанияларын IPO-ға шығаруды қамтамасыз ету үшін «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңға түзетулер пакеті әзірленіп жатқанын айтты.

«Өзгертулер Қор тобына кіретін ұлттық компаниялардың көпшілікке арналған акцияларын орналастыруды жүзеге асыруға кедергі келтіретін заңнамалық шектеулерді жоюға бағытталған. Бүгінгі таңда түзетулер мемлекеттік органдар мен Ұлттық банкте қаралуда», — деді Т. Сүлейменов.

Бұдан өзге, Т. Сүлейменов жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізімін кеңейту туралы айтып өтті. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор нысандарын түгендеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Министрлік Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына жекешелендіруге жататын ұйымдардың санын 38 бірлікке ұлғайту тұрғысынан толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасын әзірледі. Қазіргі таңда қаулы жобасы мемлекеттік органдармен келісілуде.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Айдарбаев Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру аясында Қор 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 139,78 млрд теңге сомасына 80 активті өткізгенін жеткізді, 64 актив таратуға немесе қайта құруға жіберілді.

«2018 жылы "Транстелеком" АҚ, "Ақтау мұнай жабдықтары зауыты" ЖШС, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы (Алматы), сонымен қатар оның 8 еншілес ұйымы өткізілді, олардың ішінде еліміздің түрлі өңірлеріндегі колледждер, ҚазМұнайГаз-Сервис (Грузия), Borjomi Likani International, Каскор-Транс Сервис, SemurgInvest TemirZholy бар. Ақтөбе, Атырау және Павлордар қалаларындағы әуежайлар тәрізді ірі активтерді сату алдындағы дайындау және бағалау жүргізіліп жатыр. Қазтеңізтрансфлот және ҚБТУ үшін өткізу тәсілдері келісілген, жақын арада конкурстар өткізу күтіліп отыр», — деді А. Айдарбаев.

Сонымен қатар, ірі ұлттық компаниялардың IPO түсу мүмкіндігіне ерекше назар аударылып отыр. 6 үміткер компаниядан Қазақтелеком, Қазатомөнеркәсіп және Эйр Астана тәрізді 3-уі IPO мүмкін келісімдеріне дайындық жүргізіп жатыр.

«Бәйтерек» ҰБХ АҚ төрағасы А. Әріпханов холдингтің «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ (ҚИҚ) 7 еншілес ұйымын, «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ 8 еншілес ұйымын, сонымен қатар «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ және «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ өткізуді қамтитынын айтты.

«Бүгінде Қазақстанның инвестициялық қорының активтерін жекешелендіру процедурасы аяқталды. ҚИҚ-тың жекешелендірілетін 7 активінің 5-уі өткізілді, 2 актив бойынша жою процедуралары жүргізіліп жатыр», — деді А. Әріпханов.

Оның айтуынша, Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі үшін инвестор іздеу мақсатында қаржылық кеңесші 11 халықаралық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жекешелендіру бойынша инвестиция алдындағы сараптама нарықтағы өзгерістерге орай және 2018 жылдың қыркүйек айына жоспарланған «Тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы» Заңға қажетті түзетулерді енгізумен жалғастырылатын болады деп күтіліп отыр.

«ҚазАгро» ҰБХ басқарма төрағасы Р. Құрманов Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында холдинг 20 активті өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

«2018 жылы ТОП-68 тізімінен 3 активті: "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "ҚазАгроӨнім" АҚ, "Қазагромаркетинг" АҚ стратегиялық инвесторларға өткізу көзделіп отыр. Холдингтің 17 үлестес ұйымы бойынша 5 компанияда: "AgroExport LTD" ЖШС, "AgroTradeExport" ЖШС, "Махамбет" ШҚҰ, "Жігер Есіл" ШҚҰ және "KazBeef LTD" ЖШС қатысу үлесі сатылған», — деді Р. Құрманов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу