21 Қазан 2025, 15:22
21 қазан күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Отырыста ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылым саласын дамыту, жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер өкілдері, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының басшылары баяндама жасады.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл елдегі интернеттің орташа жылдамдығын 94 Мбит/с дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде 20 млн-нан астам мобильді абонент және 3,7 млн тіркелген пайдаланушы байланыс қызметтерін қолдануда. Интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с деңгейіне жетті. Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады.
Премьер-министр Президенттің цифрландыруға қатысты тапсырмасын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек деген мақсат қойып отыр. Ал, оған ақпараттық және телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Экономиканы цифрлық трансформациялау бағытындағы барлық реформаның бастауында байланыс инфрақұрылымы тұр. Сонымен қатар еліміздің аумағын жылдамдығы жоғары интернетпен жаппай қамту қажет. Сонда ғана Мемлекет басшысының жаппай цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу туралы тапсырмасын тиімді іске асыра аламыз.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру жөнінде шаралар қабылдау жұмыстары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілген. Өрт қауіпті жағдайды бақылау мақсатында барлық өңірлерде бейнебақылау камералары іске қосылған. Еліміздің барлық аймақтарында өрт сөндіру деполары мен құтқару стансаларын салу және оларды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару стансалары салынып, 196 объекті қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Премьер-министр жалпы республика бойынша тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайғанына қарамастан, олардың Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында артқаны байқалғанын атап өтті. Негізгі себеп – халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуі керек. Сондай-ақ Төтенше жағдай және Ішкі істер министрліктері қызметкерлері мен әкімдік қызметтерін тарта отырып, демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, жылыту пештерін тексеру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Рейдтік тексеру барысында өрт шығу қаупі бар және жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін үйлер анықталуға тиіс. Аталған фактілер орын алған жағдайда оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаған жөн.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу