1 маусымда Астананың жаңа вокзалы мен әуежай терминалы алғашқы жолаушыларды қабылдайды

Астанада осы айдың соңына дейін жаңа темір жол вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалының құрылысын аяқтау көзделген.

Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Мамыр айының екінші он күндігінде, шамамен 15-і күндері, екі нысанның да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Он шақты күн ішінде тестілік сынақ жұмыстары жүргізіледі, вокзалда да, әуежайда да алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні қабылдаймыз деп жоспарлаудамыз», - деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, министр жаңа әуежайдың үлкен жолаушылар легін қабылдайтын мүмкіндігі болатынын айтты.

«Биыл біз пилоттық режимде елордаға «ашық аспан» жүйесін енгіздік, яғни әлемнің кез-келген жерінен аптасына жиілігі жеті рет, кез-келген әуе компаниясы Астанаға қатынай алады», - деді министр. Бұл ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге орайластырылған, дегенмен егер жоба сәтті жүзеге асса, әрі қарай да жалғасын таппақ.

Министр, сондай-ақ, жаңа бағыттар мен қосымша жиіліктер туралы айтып берді.

«Қазір бізде осы айда жаңа төрт бағыт: Варшава, Хельсинки, Будапешт, Пекин бойынша рейстерді ашу туралы нақты жоспарлар бар», - деді ол.

Air China алғаш рет Пекиннен Астанаға қатынайтын болады. Бұған дейін тек Air Astana ұшқан болатын.

Бұдан өзге, аптасына тағы қосымша 11 жиілік енгізіледі, мысалға: Лондон, Сиань, Пекин.

«Жалпы ЭКСПО кезеңінде қосымша 300 мың шетелдікті, Қазақстан өңірлерінен - 160 мың қонақты қабылдау жоспарымызда бар», - деп сөзін түйіндеді спикер.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу