2020 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізіледі — Мемлекеттік кірістер комитеті

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тақиев «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру аясында жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу туралы айтып берді.

М. Тақиевтің айтуынша, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 42-қадамына сәйкес жеке тұлғалардың табыстары мен шығыстарын жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қарастырылған. Осылайша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау жүйесі енгізіледі, оның басты мақсаты — көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу.

«Бүгінгі таңда бізге қажет болған барлық заңнамалық база жаңа Салық кодексінде жазылған. Барлық жалпыға бірдей декларациялауға қатысты нормалар сонда жазылған», — деді Мәди Тақиев.

2020 жылы декларацияны тапсыратын тұлғалардың ішінде Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары, оралмандар мен тұруға ықтияр хаты бар адамдар; кәмелетке толмағандар — егер оларда тіркелген мүліктері болса немесе табыс табатын болса; шетелдіктер — ҚР аумағында мүлігі немесе қатысу үлес болған кезде қатысады.

Алдын-ала есептеу бойынша, 2020 жылы 18 жасқа толған азаматтарды есепке алғанда шамамен 12,9 млн адам декларация тапсырады, оның ішінде қала халқының саны — 7,4 млн адам, ал ауыл халқының саны — 5,5 млн.

М. Тақиевтің айтуынша, декларациялау жүйесіне қосылу кезінде жеке тұлғаның мүлігі, дебиторлық және кредиторлық берешегі, қолма-қол ақшалай қаражаттары және 31.12.2019 ж. жағдай бойынша шетелдік банктердегі банктік мәліметтері (депозиттер, несиелер) көрсетілген 250.00 формасында жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы бастапқы (кіріс) декларациясы ұсынылады.

Бұдан өзге, жеке тұлға мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, биологиялық активтер түріндегі басқа да мүліктерін көрсетуге құқылы.

Декларацияны екі мезгілде ұсынуға болады:

  • 15 шілдеге дейін — декларацияны қағаз түрінде ұсынатындарға;

  • 15 қыркүйекке дейін — декларацияны электронды түрде ұсынатын адамдар үшін.

Осылайша, декларацияны электронды түрде ұсынуды ынталандыру жоспарланған.

Алдағы уақытта табыстар мен мүлік туралы декларация (жылдық) жыл сайын ұсынылатын болады, ол 2 формаға сәйкес — кеңейтілген 270.00 формасы, қысқа 260.00 формасы бойынша тапсырылады.

Кеңейтілген декларацияда бір жыл ішіндегі кірістер, салық шегерісі, жылжымайтын мүлікті, көлікті, бағалы қағаздарды, қатысу үлесін, инвестициялық алтынды, туынды қаржы құралдарын сатып алу (өтеусіз алу) немесе меншіктен шығару (өтеусіз беру) фактісі көрсетіледі.

Кірістер мен мүлік туралы қысқа декларацияны (1 парақта) зейнеткерлер, студенттер мен жалдамалы жұмыскерлер тапсырады. Осылайша, бір жыл ішінде басқа ешқандай табыс алмағандарын растайды. Бұл декларацияны халықтың 70%-ға жуығы тапсырады (мұғалімдер, зейнеткерлер, студенттер мен жалдамалы жұмыскерлер).

«Бүгінде біз ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылды. Жалпы алғанда, халық бұған дайын», — деді М. Тақиев.

Пилот барысында 1 528 адамға сауалнама жүргізілді, соның нәтижесінде халықтың 80%-ы СЕФ электронды түрде немесе мобильдік қосымша арқылы ұсынуды, ал қалғандары қағаз түрінде тапсыруды жөн санайтыны анықталды.

Декларацияны толтыру кезінде проблемалық мәселелер туындаған жағдайда 39,6% — ХҚКО-ға жүгінуді жөн санаса; 32% — мемлекеттік кіріс органдарына; 20,9% — 1414 байланыс орталығына хабарласуды дұрыс деп есептейді.

«Бүгінде біз декларацияны алдын ала толтыру бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Барлық дерекқордың таза болуын қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен жұмыс атқарылып жатыр. еGov.kz алаңында салық төлеушінің кабинетін аштық. Біз түсіндіру жұмыстарына жақсылап дайындалып жатырмыз. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бізді қолдап, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту бағдарламасына жалпыға бірдей декларациялау сұрақтарын енгізді», — деді М. Тақиев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу