01 Шілде 2026, 11:34
Президент Парламенттің бірлескен отырысында Көлік саласының стратегиялық маңызын атап өтті. Соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады.
Ол теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы аяқталатынын айтты.
«Бірқатар жаңа жобаға кірісіп жатырмыз, оның ішінде Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын жаңғырту жоспарланған. Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік ең ауқымды «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Автожолдың сапасын жақсарту үшін 2024 жылы 10 мың шақырым жолды жөндеуге тапсырма берілген. Өткен жылы 5 мың шақырым жөндеу жұмыстарын жасадық. Жұмыстар графиктен алда келе жатыр», — деп атап өтті министр.
Қазіргі таңда халықаралық деңгейде стратегиялық көлік байланысын қамтамасыз ететін 7 автожол дәлізі бар. 2029 жылға дейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Жиында айтылғандай соңғы 5 жылда автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі 2 есе артып 6 млн тоннаға жетті, ал табысы 1,5 трлн теңге болды.
Автомобиль тасымалы саласының әлеуетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр: республикалық видеомониторинг жүйесін енгізу, цифрландыру, пилотсыз көліктер.
«Әуежай инфрақұрылымына келетін болсақ. Алдағы үш жылдың ішінде олардың модернизациясын жасаймыз. Астана аэропорты туралы айтылғандай бұл кезек күттірмейтін міндет. Қала әкімдігі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр, құрылысты келесі жылы бастайды. Аэрохабтарды дамыту жұмысы 6 ірі аэропорттарға бағытталған Ол үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалуда. Әуежайлардың жаңарту жұмыстары көп бөлігі жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда», — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар министр жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетінін және халықаралық логистикаға қосуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ жүк авиациясын дамытуға арналған 5 жылдық жоспар әзірленді. Теңіз инфрақұрылымын дамыту шеңберінде келесі жобалар жүзеге асырылуда: контейнерлік хаб, причалдардың құрылысы, тереңдету жұмыстары. Бұл жұмыстар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ықпал етеді.
#Азаматтық авиация #Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу