ҚР ИДМ: «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өңірлерде ЖТҚ-ға дайын инфрақұрылыммен жер телімдері бөлінеді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысын қолдау туралы айтты.

Барлық тұрғын үйлердің 50% жуығы «Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын ынталандыру» бағыты бойынша салынады. Қалған 50% - көп пәтерлі үйлер салу арқылы.

Ж. Қасымбек ағымдағы жылы республикалық бюджеттен жер телімдеріне инженерлік инфрақұрылым жүргізуге шамамен 45 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін өңірлерде 60 мың жер теліміне инфрақұрылым желілерін жүргізу жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта инфрақұрылым – жарық, жылу, жол, газ - 23,5 мың жер теліміне жүргізілді. Өңірлер арасында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстары көш бастап келеді.

Бағдарламаның аталған бағыты аясында ағымдағы жылы төрт облыста бірыңғай сәулет стилінде жеке тұрғын үйлерді салудың пилоттық жобасын іске асыру басталды. 1193 үй салу жоспарланған. ҚР ИДМ осындай үйлер салуға 6 типтік жобаны әзірледі.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу