Қазақстанда 2018 жылы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі

Бұл туралы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бағытын іске асыру барысы туралы өткен баспасөз конференциясында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова хабарлады.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 6 қадамы аясында нәтижелер бойынша мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесіне ауысу көзделіп отыр.

Оның айтуынша, жұмыс өтілі мен лауазым санатын ғана ескеретін қазіргі қолданыстағы жүйеден жаңа жүйенің айырмашылығы – мұнда табыс көлемі қызметкердің мемлекеттік органның нәтижелігіне қосатын үлесіне байланысты болады.

«Біз қазір тиісті әдістемені әзірледік және оны келесі жылы пилоттық қолданысқа енгізу жоспарда бар», - деді спикер.

Жалпы, еңбекақыны төлеу жүйесі тұрақты (лауазымдық қызметақы) және ауыспалы бөлімнен (бонус жүйесі) тұратын болады.

Бонустардың көлемі мемлекеттік қызметкердің бекітілген шкалаға сәйкес алған нақты бағасына байланысты белгіленеді. Жаңа жүйеде бонустарды тек жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлер ғана алатын болады, ол үшін Агенттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізген.

«Бүгінде біз бағалау мен бонустау жүйесін жүргізіп жатырмыз. Іс жүзінде, Агенттікте бұл тетік іске қосылған. Біз теңгермелі сыйлықақыдан бас тарттық, бізде қазір үстемеақы жүйесі қолданыста. Егер қызметкер нәтижеге қол жеткізсе, ол үстемеақы алады. Бұл жақсы ынталандырушы фактор, себебі, тиімсіз жұмыс атқарып, үстемеақы алмаған қызметкерлер барынша көп бастама білдіре бастады», - деп түсіндіріп өтті Агенттік өкілі.

Айгүл Шаимованың ақпараты бойынша, бонустардың көлемі шамамен 100 мың теңге көлемінде болады. Егер 158 мың теңге көлемінде еңбекақы алатын жас, бастаушы маман болса, жаңа жүйе бойынша ол 258 мың теңгеге дейін еңбекақы алу мүмкін болады.

ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, ҚР Әділет министрлігінде және Алматы облысының әкімдігінде 2018 жылдың басынан жаңа жүйені пилоттық сынақтан өткізу көзделіп отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу