Қазақстандықтар мемлекеттік қызметкердің әдепсіздігіне мобильді қосымша арқылы шағымдана алады

Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бірінші бағытын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова хабарлады.

Смартфондарға арналған «Мемлекеттік қызметтегі әдеп» мобильді қосымшасы 2016 жылдың күзінен бастап жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда шамамен 50 мың мобильді қосымшаны жүктеу тіркелген.  

Қосымша баптардан, ақпараттық ресурстарға сілтемелерден, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызметкерінің әдебіне қатысты тестілеуден тұрады. Бұдан өзге, қосымшада интерактивті ойын бар, ол Әдеп кодексінің нормаларын танып білуге және сәйкесінше оны сақтауға ұмтылуға көмектеседі. Әдеп кодексінің нормаларын танып білуден бөлек қосымша Қазақстанның кез келген азаматына мемлекеттік қызметкердің бейәдеп әрекетіне тікелей Агенттікке шағымдануға мүмкіндік береді.  

«Түскен шағымдарға байланысты тексеріске шығу арқылы әрекет етеміз. Бұл деректің растығын тексереміз. Ол нақтыланған жағдайда әдеп нормаларын бұзған тұлғаларға сәйкес шаралар қолданылады», - деп нақтылады Айгүл Шайымова.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу