ФОТОРЕПОРТАЖ: ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары

Биыл 20 шілдеде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен еліміздің басты астық егуші өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысына барды. Сапардың мақсаты - Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысу.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Петропавл әуежайында облыс орталығының Халықаралық әуежайының жөндеу жұмыстарының барысымен және оның транзиттік әлеуетін дамыту перспективаларымен танысты.  

Облыс әкімінің орынбасары А. Федяев әуежай терминалының ғимараты мен ұшу-қону жолағының жөндеуден өткенін, бұл әуе кемелерінің кез келген түрін қабылдауға мүмкіндік беретінін баяндады. Петропавл Ресей Федерациясының Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен шекараласады, сол себепті де жақсы транзиттік-логистикалық әлеуетке ие.

Солтүстік Қазақстан облысы алдыңғы қатарлы аграрлық шаруашылықтарымен танымал. Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің жұмысымен танысты.

Коммандиттік серіктестіктің ауыл шаруашылығы өндірісінде заманауи технологиялар қолданылады, бұл сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда майлы дақылдар, картоп және мал азығы дақылдары да егіледі. Бұдан өзге, онда мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндірумен де айналысады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Новоникольск ауылында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесіп, олармен АӨК дамыту жаңа бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бірінші жартыжылдықтағы АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы баяндады.

Кеңес барысында «Мәмбетов және К» КС бас директоры Е. Мәмбетов, ҚР Ет одағының төрағасы М. Бақтыбаев, ҚР Картоп өсірушілер және көкөніс өсіруші одағының төрағасы Қ. Бисетаев, ҚР Фермерлер одағының президенті Ә. Дарынов, «Қазақстанның шошқа өсіру шаруашылықтары одағы» Қауымдастығының төрағасы В. Лим, «Зенченко және К» ТС директоры Г. Зенченко сөз сөйледі.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұрақтарына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов пен «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Н. Мәлелов жауап берді.

Облыстың АӨК дамыту туралы СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтып өтті. Оның мәліметі бойынша, 2017 жылғы қаңтар-мамырдағы өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 44 млрд теңгені құраған. 29,5 мың тонна ет, 174 мың тонна сүт, 236,4 млн дана жұмыртқа өндірілген.   

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер импорт пен экспорттық саясат бойынша, мал шаруашылығындағы ветеринарлық қауіпсіздік, егін шаруашылығындағы субсидиялау мен сақтандыру, дизельдік отынмен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету туралы ұсыныстарын енгізді. 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР ұлттық экономика министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге салық салу мәселесін пысықтауды, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялау тетіктерін жетілдіре түсу мәселелерін бақылауға алуды тапсырды. «ҚазАгро» холдингіне аграршылар ұсынған инвестициялық жобаларды қарау тапсырылды.

«Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен де мазмұнды кездесу өтті.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің отандық бизнесті дамытуға жасап жатқан қолайлы жағдайлары жайында, қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары туралы айтты.

Шағын және орта бизнес саласындағы ағымдағы жағдай бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Н. Әлтаев баяндама жасады.

«Екпін 2002» ЖШС директоры Е. Әбиев, «Атай СК» ЖШС құрылтайшысы Т. Қожахметов, «Арқалық» ШҚ басшысы Н. Барлыбаев, «Арт Строй» ЖШС директоры И. Валишин, «Барс-Nord» ЖШС бас директоры В. Богданов, «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыру мәселелерін қозғады, қаржы және рұқсат тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерінің басшылары айтылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша түсініктемелерін айтты. 

Кәсіпкерлермен кездесу фотосуретке түсумен аяқталды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс орталығын дамыту жөніндегі кеңесте Петропавлдағы тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және спорт нысандарының, инфрақұрылым және инженерлік коммуникациялардың құрылыс жобаларымен танысты.

Қала құрылысы салынатын негізгі орын ретінде «Жас Өркен» шағын ауданы таңдалды, ол жерде 500-ге жуық нысан – ескі үйлер мен өзге де құрылыстар жойылады. Бұл жерде екі жылдың ішінде 2 500 пәтерлі 11 көп пәтерлі тұрғын үй, Оқушылар сарайы мен Теннис орталығы тұрғызылады.

Одан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі - «ПАМЗ» АҚ-ға барды, онда мұнай-газ және энергетика салаларына жабдықтар дайындау, сонымен қатар қорғаныстық маңызға ие өнімдерді әзірлеу үдерістерімен танысты.

«ПАМЗ»-да өндірістік үдерістерді автоматтандыру ИИДМБ аясында даму институттарының қолдауымен жүргізіледі. «PFD» ағылшын фирмасымен және «JGC» жапон корпорациясымен серіктестік зауытқа заманауи жылу алмастырғыш пен сыйымдылық жабдығы өндірісін игеруде алға үлкен қадам жасауға мүмкіндік берді.

«ПАМЗ» АҚ бас директоры Қ. Бишімов Бақытжан Сағынтаевты «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорынның қызметі мен даму келешегі туралы ақпараттандырды.

«JGC Corporation»-мен Атырау мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау бойынша келісімшарт пен «PFD»-мен ТШО екінші буын зауытының құрылысы бойынша келісімшартты аталған компаниялардың өкілдерімен іске асыру «ПАМЗ» АҚ-ға ASME, TEMA және API шетелдік жаңа стандарттары бойынша жабдықтарды жобалау мен әзірлеудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік берді.

Зауыттың отырыстар өткізілетін залында облыстың ірі кәсіпорындарының басшыларымен технологиялық жаңғырту мен өндірісті цифрландыру, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылау бойынша кездесу өтті.

СҚО Заречный ауылының тұрғындарымен кездесу барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірде су тасқыны қауіптеріне жол бермеу және олардың алдын алу мәселелерін талқылады.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ю. Ильиннің, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Әбішовтың баяндамалары тыңдалды.

Сондай-ақ, кездесу барысында Петропавл әкімі М. Тасмағанбетов, Қызылжар және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандардың әкімдері Б. Жұмабеков пен В. Дудов, сонымен қатар Заречный ауылы мен облыс орталығының тұрғындары И. Брюхова мен Қ. Құрымбаев сөз сөйледі.

Кездесудің басты қорытындысы - су тасқыны қауіптерінің алдын алу мен оларды ескерту бойынша нақты шаралар қалыптастырылды. Облыста Петропавл қаласының Кожевенный ауылындағы қорғаныс бөгеті қайта жөнделеді. Бұдан өзге, «Горькое көлі» мен «Биотоған» су жинауыш тоғандарының бөгеттері жөнделеді, Қамыстысай, Есіл, Сілеті өзендерінің арналары тазартылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу