Kazakh Invest шетелдік инвесторларды тарту жұмыстарын жандандырады

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы аясында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Біржан Қанешев 25 тамызда өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мәселелері бойынша кеңесте аталған Мемлекет басшысының ескертулері мен тапсырмаларын орындау тұрғысынан компанияның жұмысы қалай ұйымдастырылатынын айтып берді. 

Біржан Қанешевтің айтуынша, компанияның стратегиясына сәйкес және Президент Жолдауының ІІ басымдығын іске асыру мақсатында Kazakh Invest ұлттық компаниясы жұмыстарды үш бағыт бойынша ұйымдастырады. 

«Біріншіден, бізде шетелдік блокта шет елдердің өкілдері бекітілген. Бүгінде олар жұмысқа кірісіп кетті. Қазірдің өзінде экономикамыздың басымдықтарына сай келетін 6-7 жоба келіп түсті», – деді Б. Қанешев.  

Сондай-ақ, оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП-мен және ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, ауқымды жұмыстар жүргізілді. 

«Екіншіден, біз бизнес ахуалды жақсартатын құжаттар пакетін әзірледік. Бизнес ахуал мен инвестициялық ахуал – бұл ажырамас түсініктер. Барлығы ретке келтірілген кезде, бұл инвесторлар үшін де қолайлы болады», – деп түсіндіріп өтті ол.

Үшіншіден, облыстарда бүгінде іске кіріскен өңірлік директорлар тағайындалған. Ал компанияның өңірлік өкілдерінің әкімдердің кеңесшісі болуы – оларға барлық процестерге тікелей атсалысып, пайда болған мәселелердің шешімін қысқа мерзім ішінде табуға бірегей мүмкіндік береді.  

«Дегенмен, мәселелер әлі де бар, соған орай Kazakh Invest басшылығы 16 өңірде 115 кездесу өткізді, инвесторлар 170-тен астам сұрақ қозғады. Олардың 30%-ның шешімі табылды, қалғандары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Б. Қанешев. 

Ұлттық компания жұмысының нәтижелерінің бірі – жобалардың бірыңғай базасын құру. 

«Біз «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жобалардың бірыңғай базасын қалыптастырдық. Бізде барлық қажетті құжаттары бар, инвесторларға ұсынылатын 150 құрылымдалған жоба бар. Олардың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше бақылауға алынған 39 жоба бар», – деді Б. Қанешев.

Қорытындылай келе, ол Kazakh Invest-тің еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мен инвестициялар тарту жұмыстарын жандандыратынын атап өтті. 

«Мемлекет басшысы 25 тамызда бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Жобалардың сапасы, саны, олардың экономикамыздың басымдықтарына сай келуі – осының бәрі қайта қаралады. Компаниямыздың жұмысына талдау жасалады. Қысқа мерзім ішінде тиісті шаралар ұйымдастырылады», – деп сөзін түйіндеді төраға орынбасары. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу