Kazakh Invest компаниясы қазанда инвестжобалар мониторингінің электронды жүйесін іске қосады

Инвестжобалардың қалып қоюына жол бермеуге тиісті ақпараттық-мониторингтік жүйе биыл 1 қазанда іске қосылады. Бұл туралы «Kazakh Invest» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Біржан Қанешев хабарлады. 

Б. Қанешевтің мәлімдеуінше, бүгінде бұл жүйе қолмен басқарылатын режимде жұмыс істеп тұр. Оның атауы — Follow Up.

Онда барлық 150 жоба салалар, елдер мен өзге де параметрлер бойынша құрылымдалған. Сондай-ақ, онда жобаның толыққанды болуына қажетті қаржы модельдері, жетіспей тұрған бөлімдері аяқталған. Бұдан өзге, жобаларға қойылатын талаптар қаржы институттарының халықаралық стандарттарына сәйкес жүйелендірілген. Барлық жобалар шет тілдеріне аударылған. 

Электронды жүйе 1 қазаннан бастап шетелдік инвесторлар мен қазақстандық кәсіпкерлер үшін қолжетімді болады. 

«Шетелдік инвестор жобаның қандай салада әрі қандай көлемде екенін, сондай-ақ тең инвестициялауға қанша қаражат керек екенін көре алады. Ол Қазақстаннан осы жоба бойынша серіктесін іздейтін болады. Біз сигнал түскен кезде, бірден жоба авторына жеткіземіз», – деді Біржан Қанешев.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу