Бақытжан Сағынтаев Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорлары форумының IX отырысына қатысты

Астанада Халықаралық тәуелсіз әл-ауқат қорларының форумы (IFSWF) өз жұмысын бастады. IFSWF жыл сайынғы IX отырысының ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты. 

Шара қатысушыларына сәлемін жолдаған Бақытжан Сағынтаев орталық азиялық аймақта алғаш рет өтіп отырған IFSWF форумының маңыздылығын атап өтті. 

«Бұл біз үшін үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік. Қазақстан Үкіметі біздің бұл отырысымыз тәуелсіз қорлар үшін ең өзекті күн тәртібін мұқият қарастырып, жаңа сын-тегеуріндер мен міндеттерге сай келетін іс-әрекеттер жоспарын әзірлейді деген сенімде», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, соңғы бірнеше жылда қаржы нарықтарында іргелі өзгерістер орын алды. 

«Біз цифрлық инновациялардың жан-жақты енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Технологиялық прогресс инвестициялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қоса, жаңа әлемдік экономикалық шынайылық біздің алдымызға жаңа қатерлер төндіріп отыр. Әлемдік өсімнің баяулауы мен қор нарықтарының құбылмалылығы бізді инвестициялық табыстылықты қамтамасыз етудің жаңа шешімдерін іздеуге, біздің менеджмент стратегияларымызды қайта қарауға, тиімділіктің жаңа тетіктері мен критерийлерін енгізуімізге мәжбүрлейді»,— деп атап өтті Премьер-Министр.

Бақытжан Сағынтаев үйлесімді іс-қимылдар жасау үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды. 

«Біздің жаңа экономикалық шынайылыққа тек осылай ғана сайма-сай жауап қата алатынымызға сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол Қазақстанның өз тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты. 

«Қазақстан тәуелсіздік жылдары ауқымды ілгерілеуге бет алды. Бұл біздің шынайылықтарды ескере отырып, ең үздік әлемдік тәжірибені икемді әрі жүйелі енгізудің нәтижесінде мүмкін болды», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстанның өз инвесторларына ұсынатын тартымды инвестициялық стимулдары туралы айта келіп, Бақытжан Сағынтаев инвестициялау үшін басымдықты секторларды атап өтті. Бұлар — машина жасау, АӨК, көлік және логистика, мұнай химиясы, ілгерілемелі технологиялар саласы, туризм және басқа да салалар.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Қазақстан Үкіметінің халықаралық инвестициялық қауымдастықпен ашық диалог орнатуға әрдайым дайын екенін атап айтты. 

«Біздің мұндай саясатымызды халықаралық қауымдастық жоғары бағалады. Мәселен, Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар рейтингінде Қазақстан аймақта бірінші орын, ал әлемде 35-ші орынды алды. Біз инвесторлар мен стратегиялық серіктестерімізге қош келдіңдер дейміз, оларды одан әрі тәжірибе алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Біздің бәріміздің жаңа нарықтар мен бағыттарды айқындау жолындағы еңбегіміз жемісті болады деп үміттенемін», — деді Бақытжан Сағынтаев.

IFSWF 9-шы жыл сайынғы отырысының ашылу салтанатына «Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев қатысты. Өзінің кіріспе сөзінде ол елорда қонақтарына Қазақстанның мәдени бірлігі мен экономикалық серпінінің айрықша тарихы туралы айтып берді. 

«Қазір біз үдемелі цирфландыру кезеңіне аяқ бастық, ұлттық компанияларымызға жаңа технологиялық жетістіктерді енгізудеміз және цифрлық экономиканы дайындаумен айналысып жатырмыз. Сондықтан жыл сайынғы отырыстың биылғы тақырыбы — “Нарықтардың жаңа бағыттарын зерделеу” — аталған мүмкіндіктер мен талпыныстарды толық айқындайды», — деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.

Ол отырыстың күн тәртібінің алғашқы бөлігі жаңа нарықтар мен инвестициялар туралы біліммен алмасуға арналғанын атап айтты. Күн тәртібінің екінші бөлігі Қазақстанды «Самұрық-Қазына» арқылы бағдарлауға мүмкіндік береді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу