ҚР Президенті «Қайрат» ФК спорт базасына барды және Алматы әуежайының даму жоспарымен танысты

Мемлекет басшысы клубтың спорт базасымен танысты. Онда бес футбол алаңы, спортшыларды толық бабына келтіруге арналған медициналық кешен мен жабдықтар бар. Сондай-ақ, ҚР Президентіне халықаралық әуежайдың қазіргі жағдайы жөнінде баяндалып, оны одан әрі дамыту жоспары ұсынылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.  

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Алматы қаласындағы орталық стадионды жаңғырту тұжырымдамасы және мегаполисте жеңіл атлетика спортының инфрақұрылымын дамыту жоспары таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қайрат» футбол клубының академиясында оқып жатқан жас спортшылармен әңгімелесіп, олардың спорттағы және оқудағы жетістіктері жөнінде сұрады.

«Елімізде спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарда керемет нәтижелер көрсетуде. Бізде бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика және спорттың басқа да түрлерінен олимпиада чемпиондары бар», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің барлық өңірінде стадиондар кешенді қайта жөндеуден өткенін, мемлекет тарапынан футболды дамыту үшін жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында Елбасыға халықаралық әуежайдың қазіргі жағдайы жөнінде баяндалып, оны одан әрі дамыту жоспары ұсынылды.

Қазақстан Президенті әуежайды кешенді жаңғырту аясында жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, оларға көрсетілетін қызметтер сапасын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу