Бақытжан Сағынтаев: Қазақстанның ЖЖМ нарығындағы жағдай бойынша түсіндірмелер қабылданбайды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында еліміздегі ЖЖМ нарығындағы жағдайға қатысты мәселені қозғап, отын тапшылығына жауаптылармен байланысты бірқатар тәртіптік шара қабылдады.

Бақытжан Сағынтаев өңірлерде тапшылықтың байқалатынын, бензиннің лимитпен әрі талондармен сатыла бастағанын, соның нәтижесінде баға өсімі орын алғанын атап өтті. Осыған орай, ҚР Премьер-Министрі ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың баяндамаларын тыңдады.

Бақытжан Сағынтаев импорт үлесінің ұлғаюы мен бағамдық айырмашылыққа сүйене отырып жасалған түсініктемелерді тікелей лауазымдық міндеттер мен жауапкершіліктен жалтару деп есептейтінін айтты.

ҚР Премьер-Министрі Үкімет мүшелеріне қатысты іс-қимылдың тәртіптік шараларын ел Президенті қабылдайтынына орай, бүгін Мемлекет басшысына ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа берілген сөгіс туралы ұсыныс жіберілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар вице-министрлерге қатысты тәртіптік шешімдер — Премьер-Министрдің айрықша құзыретінде. Сол себепті де, аталған салаға жауапты ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатысты оны лауазымынан босату туралы шешім қабылданды. ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесіне тиісті өкімді әзірлеу тапсырылды.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке белгіленген тәртіпте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданып, міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Данияр Берлібаевтың өкілеттігін тоқтату бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу