«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізі жүк айналымын арттыруда

2017 жылы Қазақстанда «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойынша жүк айналымы 600 мың тоннаға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы аясында инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр хабарлады.

Оның айтуынша, 2009 жылы аталған бағдар бойынша транзитпен Қазақстан арқылы 160 мың тонна жүк тасымалданды. Жалпы, осы транзиттік дәліз бойынша жүк айналымы 2009 жылы 13 млн тоннаны құраған. ҚР ИДМ болжамы бойынша, 2020 жылы бұл көрсеткіш жылына 33 млн тонна жүкті құрайтын болады.

Вице-министрдің айтуынша, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі — ҚХР-дан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағдары. Қытайдың орталық аймақтарынан Санкт-Петербургке дейін автокөлікпен жүк жеткізу мерзімі көп дегенде 10 күнді құрайды. Ал теңіз жолымен жүк 45 күнде жеткізіледі.

«Транзиттік дәліздің еліміздегі ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды. Біз биыл аталған дәліз бойынша барлық қажетті жұмыстарды аяқтадық», — деді Р. Скляр.

Вице-министрдің айтуынша, осы дәліздің құрылысына қатысқан елдер транзиттік әлеуетті арттырудан өзге, өңірлерді дамыту тұрғысынан да ішкі әсерге ие болды. Мәселен, елімізде аталған дәліз 5,5 млн адамнан тұратын 200 елді мекенді қамтиды. Шағын және орта бизнесті, сервистік индустрияны, туризмді және экономиканың өзге де секторларын дамытуда елеулі қарқын болады деп күтілуде.

Р. Скляр «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізі елімізге де, дәлізге қатысушы өзге елдерге де ауқымды экономикалық әсер беретініне сенім білдірді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу