Бақытжан Сағынтаевтың «ЭЫДҰ Еуразия апталығы – 2017» форумының ашылуында сөйлеген құттықтау сөзі

ҚР Премьер-Министрі Б. Ә. Сағынтаевтың «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы – 2017» форумының ашылуында сөйлеген құттықтау сөзі —  24 қазан 2017 жыл.

 

Құрметті Бас хатшы мырза,

Құрметті форум қатысушылары мен қонақтары,

Ханымдар мен мырзалар!

 

Ең алдымен, сіздерге Қазақстан жеріне – Ұлы Дала еліне қош келдіңіздер демекпін.

ЭЫДҰ 2017 Еуразия апталығы Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасына қатысушы елдердің бірінің аумағында алғаш рет өткізіліп отыр.  Мен үшін Еуразия елдерінің 13 Үкімет мүшесін, ЭЫДҰ-ға мүше елдердің елшілерін, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және іскерлік қауымның көрнекті өкілдерін қарсы алу - үлкен құрмет.

ЭЫДҰ Бас хатшысы Анхель Гурриа мырзаға және жалпы Ұйымға Еуразия апталығын Алматыда өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін  ерекше алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. 

Қазақстан Үкіметі бұл қадамды Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты екіжақты нығайтуға талпынудың көрінісі ретінде қарастырады.

2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жалпыұлттық міндетін шешуді мақсат еткен  Қазақстан үшін ЭЫДҰ-ның қол жеткізген деңгейі мен стандарттары экономикалық даму ісінде мүлтіксіз бағдар болып табылады.

Посткеңестік кеңістікті алғашқылардың бірі болып еркін нарық экономикасын құрған Қазақстанның даму қарқыны өте жоғары.

Бүгінде біз экономика көлемі мен халықтың жан басына шаққандағы табыс деңгейі бойынша топ-50 елдің қатарына кіреміз.

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингінде біз 35-ші орынды иелендік.

ДСҰ-ның 162 мүшесі болған соң біздің еліміз сауда-саттық жүргізудің халықаралық ережелерін ұстанады. Бұл орайда, Қазақстанның ЭЫДҰ елдерімен сауда-саттығы еліміздің жалпы тауар айналымының жартысына жуығын құрайды.

Қазақстан Еуразиялық кеңістікте экономика мен сауда-саттықты дамыту үшін интеграциялық үрдістерді қолдайды.

Бүгінгі таңда Еуразия елдерінің әлемнің ЖІӨ-дегі үлесі 500 млрд АҚШ долларына жуық. Ал бұл нарық 180 млн-ға жуық халықты қамтиды.

Бұл Қазақстан өңірдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту арқылы күшейтуге ұмтылып отырған ЕАЭО пен ЭЫДҰ елдерінің өзара әрекеттестігі үшін үлкен әлеует болып табылады.

Біздің еліміз «Бір белдеу - бір жол» халықаралық мегажобасының дамуын қолдайды және Жаңа Жібек жолымен толыққанды интеграцияға әзір.

Біз Орталық Азия аймағында жүк тасымалының негізгі бағыты бола алатын Батыс Еуропа-Батыс Қытай Трансқұрлықтық халықаралық автожолдың қазақстандық бөлігін толық аяқтадық.

Біз Қазақстан, Түркіменстан мен Иранның арасын жалғайтын теміржол мен Таяу Шығыс нарықтарына шығу үшін тағы бір транзиттік дәліз салдық.

Мұның бәрі – аймақ елдері мен ЭЫДҰ экономикалық өзара ықпалдастығының жаңа мүмкіндіктері.

***

Қазіргі заманда жаңа күн тәртібі қалыптасуда, даму парадигмалары ауысып, заманауи технологиялар біздің өркениетіміздің бет-бейнесін өзгертуде.

Қазақстанда, бүкіл жаһандағы тәрізді, біздің еліміздің даму парадигмаларының ауысу сәті туды.

Үкімет халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, меншік құқығына кепілдік беретін заңның үстемдігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейтуге, қолайлы бизнес ахуалды нығайтуға, азаматтық қоғамды кеңейтуге бағытталған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Биылғы жылдың басында Қазақстанның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға және елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның үшінші жаңғыруы туралы жариялады.

Бүгінгі таңда Үшінші жаңғырту бойынша негізгі шешімдер қабылданды.

Конституциялық реформа жүргізілді. Сот төрелігі жүйесінде реформа орын алды. Рухани жаңғыру бойынша салмақты жұмыстар атқарылды. Үш тілділік саясаты және ағылшын тілін жаппай оқыту енгізіліп жатыр. Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жоспарланып отыр.  

Үкімет 2025 Стартегиялық жоспарын – алдағы он жыл ішінде Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі. Мемлекеттік саясаттың негізіне технологиялық жаңғырту, адами капитал сапасын күшейту, инновацияларды дамыту алынды.

Ағылшын құқығы қағидаты негізінде құрылған, жеңілдетілген салық режимі мен тәуелсіз қаржы соты бар Астана Халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, жаңа инвестициялық және экспорттық стратегия, сәйкес заңнамалық база әзірленді. Олар 2018 жылдың басынан бастап өз күшіне енеді деп көзделген.

Алғашқы нәтижелері де бар. 2014-2016 жылдардағы жаһандық сындар мен сыртқы әсерлерден соң біз экономика өсімін қалпына келтіре бастадық. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ 3,5% дейін көтерілді.

Бұл орайда, жаңа әлемде елдік бәсекеге қабілеттілік дәрежесі адами капитал сапасына, жаңа технологиялардың даму қарқынына, инвестициялық белсенділікке тікелей байланысты болады. Осы тұста біз үшін ЭЫДҰ мен Ұйымның барлық қатысушы елдерімен ынтымақтастық аса маңызды.

Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының Елдік бағдарламасына сәйкес Қазақстан реформалар жүргізу мен ЭЫДҰ-ның озық экономикалық стандарттарын енгізу бойынша әріптестікті кеңейтуге ниетті.

Осы мақсатта Үкімет биыл ЭЫДҰ-ның ұсыныстарын іске асыру бойынша ұлттық Жол картасын  бекітті.

ЭЫДҰ ұсынған ұсыныстар мемлекеттік басқару, шағын және орта бизнесті дамыту, бәсекелестікті дамыту, қосылған құн жергілікті тізбегі мен жасыл қаржыларды дамыту тәрізді бағыттар бойынша құрылымдық реформаларды жүргізуге мүмкіндік береді деп сеніммен айта аламын.

Қазақстан Үкіметі ЭЫДҰ-мен өзара әрекеттестік бойынша біздің тәжірибеміздің үздік практикаларын тарату және олармен алмасу үшін Еуразия елдерімен ықпалдасуға дайын.

Біздің мақсатымыз - ортақ. Бұл Еуразияда әлеуметтік және экономикалық даму тұрақтылығына ықпал ету. Бұл біздің өңіріміздегі елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, заманауи экспорттық саясат құру, инновациялық кәсіпкерлік қызметті ынталандыру.

Апталық аясындағы біздің кездесулеріміз бен пікірталастарымыз аса жемісті болады және Еуразия мен ЭЫДҰ елдерінің ұзақмерзімді және табысты ынтымақтастығы үшін зияткерлік фарватер қалайды деген сенімдемін.

ЭЫДҰ 2017 Еуразия апталығы аясында табысты диалог орнатуды тілеймін.

Жұмыстарыңыз сәтті болсын!

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу