Қазақстандық астық тасымалдаушылар экспорт үшін артып келе жатқан көлік қажеттілігін толық қамтиды

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен «ҚТЖ – жүк тасымалы» АҚ-ның 2017 жылғы 10 айдағы қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы барысында «Астық Транс» АҚ бірінші вице-президенті Сергей Мосолкин барлық ішкі және экспорттық бағыттар бойынша қазақстандық астықты тасымалдаудағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді, сондай-ақ алдағы маусымға болжамымен бөлісті.

«Қазтеміртранс» АҚ мен Ресейдегі астық тасымалдайтын вагондардың ең ірі операторы «Русагротранс» АҚ бірлескен кәсіпорын ретінде 2013 жылы құрылған компания, жалға алған паркін есепке алғанда бүгінгі таңда 5200 вагонды басқарады.

«Әдетте біз өз паркімізбен барлық ішкі астық тасымалының 90% және вагон-хопперлердегі экспорттық тасымалдардың 50% қамтамасыз етеміз. Қалған тасымалдарды жылжымалы құрамның басқа меншік иелері қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Сергей Мосолкин.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бағалауынша, астық тасымалдау үшін Қазақстанда шамамен 9000-9700 бірлікті қамтитын парк бар. Жалпы, астық тасымалдаушылармен қамтылғандық қазақстандық астықты тасымалдау үшін жеткілікті деңгейде.

«Астық Транс» АҚ бірінші вице-президентінің айтуынша, қазіргі маусымның өз ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол ерте — қыркүйектің басында басталды, екіншіден, мол астық жиналды. Бұдан өзге, бұрынырақ Қазақстан аумағында жұмыс істеген ресейлік парктің бір бөлігі Ресейге қайтып оралды. Осыған байланысты қазақстандық тасымалдаушыларға үлкен жүктеме артылды.

Осылайша, қазан айында компания жалпы қазақстандық астық тасымалы бойынша ішкі тасымалдардың 95%-ын және экспорттық тасымалдардың 65%-ын іске асырды.

«Мұндай жағдайда жүк жөнелтушілердің жүк тиеуді алдын ала жоспарлауы, вагондарға тиеу қуаттылықтарына байланысты тапсырыс беруі және өнім сапасын бақылауы маңызды», — деп атап өтті спикер.

Болжам бойынша, астық тасымалдаудың көптігі тұрғысынан маусым ұзаққа созылмақ. Қазан айында теміржол арқылы 850 мың тонна астық тасымалданды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Құлақов өз кезегінде соңғы уақытта Италия, Түркия, Иран, Ауғанстан сияқты шалғай елдерге экспорттың артуы байқалып отырғанын, бұл өз кезегінде тасымалдаудың қашықтығының артуына және сәйкесінше астық тасымалдаушылар мен жабық вагондардың қажетті паркінің ұлғаюына алып келгенін атап өтті.

Порттар бағытындағы астық тасымалы күрт ұлғайды. Каспий және Қара теңіз порттары бағытында өсім болды. Рекордтық түсім Ресей мен Украинада жиналды, онда бүгінгі таңда астық пен ұн тасымалы нарығында қиындықтар байқалып отыр.

«Біз көршілес теміржол әкімшіліктері тарапынан қосымша парк тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді О. Құлақов. Тиімді жұмыс жүргізу үшін әр өңірде әкімдіктердің жанынан астық пен ұн тасымалдау бойынша іс-қимылды үйлестіру бойынша штабтар құрылған.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ астық тасымалына жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, биыл қазанда «Құрық — Алят — Ахалкалаки — Карс — Мерсин» жаңа бағыты бойынша контейнерлерде астық тасымалдау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Перспективада ай сайын аталған бағыт бойынша 10 мың тоннаға дейін астық тасымалдау жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу