Қазақстанда қуатты индустриялық-логистикалық дистрибуция орталығы құрылған — DP World вице-президенті Анил Сингх

Кеше Астана ірі шетелдік компаниялардың 100-ден астам өкілі қатысқан Kazakhstan Global Investment Roundtable атты дөңгелек үстел өтті. Қазақстандағы жекеменшік инвестициялардың рөлі мен инфрақұрылымды дамыту қарқыны туралы DP World аға вице-президенті және басқарушы директоры Анил Сингх баяндады.

«Мен Қазақстанды әлем орталығында орналасқан деп есептеймін. Дүние жүзінің бір нүктесінен екіншісіне жету үшін Қазақстан аумағынан өтуге тура келеді. Шанхайдан Антверпенге теңіз арқылы жету өте қымбат әрі ұзақ уақытты — 43 күнді талап етеді. Ал Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға транзиттік дәліз арқылы жүктерді 12 күн ішінде тасымалдауға болады», — деді Анил Сингх.

Анил Сингх басқарып отырған компания әлемдік сауда және көлік саласында жетекші рөл ойнайды. Оның айтуынша, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның «Жетіген – Алтынкөл» және «Жезқазған – Бейнеу» темір жол желілерімен, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автокөлік дәлізімен, Ақтау портымен технологиялық үйлесімде болуы Қазақстанда қуатты индустриялық-логистикалық дистрибуция орталығын құруға, жаһандық жеткізілімдерді ұйымдастыруға, қазақстандық инфрақұрылымдық сервисті әлемдік сауда және көлік тізбегіне біріктіруге жол ашты.

Қазақстанның көлік және логистика саласындағы жетістіктерін айта отырып, А. Сингх өз сөзінде алдағы жылдары жоспарланып отырған, ел аумағы арқылы жылына 2 млн контейнерді транзит арқылы тасымалдау үлкен жетістік болатынын айтты.

«Қазірдің өзінде біз табысқа жетудің оң нәтижелерін көріп отырмыз», — деп түйіндеді А. Сингх.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу