2018 жылы инфляция деңгейі 5-7% дәлізінде болады — Т. Сүлейменов

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың соңына дейін инфляцияны жоспарланған 5-7% дәлізінде сақтау бойынша алдын алу шаралары туралы айтты.

Тимур Сүлейменов 2017 жылы инфляция 7,1%-ды құрағанын еске салды. Алдын ала болжам бойынша, 2018 жылы инфляция деңгейі 5-7% дәлізінде болады.

Министр журналистердің қыста көкөністер мен жемістердің кейбір түрлеріне қойылатын жоғары бағалары туралы сұрағына жауап бере отырып, Қазақстанда сұраныс пен ұсыныстың маусымдық мәселесі әлі де бар екендігімен келісті.

«Біз желтоқсан, қаңтар, ақпан және наурыз айларында, шілде, тамыз және қыркүйек айларындағы сияқты көкөністер мен жемістерді бірдей көлемде ұсына алмаймыз. Сондықтан да осы маусымдық толқулар елімізде әрдайым байқалуда», — деді Т. Сүлейменов.

Сонымен қатар, ол ҚР ҰЭМ ҚР АШМ-мен бірлесіп, жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді кеңейтуге белсенді атсалысып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, барлық негізгі қалалар мен елді мекендерде қорларды ұлғайту, қоймалар санын көбейту, көтерме-бөлшек сауда және көтерме-сауда орталықтарын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәселенің тағы бір шешімі — делдалдық байланыстарды қысқарту. Сонымен бірге Т. Сүлейменов барлық делдалдардан бас тартудың да қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Сауда делдалдығы — бұл әдеттегі экономикалық қызмет. Себебі әрбір шаруа қожалығы, әр фермер 100-200 шақырым қашықтыққа тауар жеткізіп, базарлар мен сауда орталықтарының сөрелеріне өз өнімдерін шығара алмайды. Бұл үшін делдалдық байланыстың болғаны дұрыс», — деді Тимур Сүлейменов.

Ең бастысы, министрдің айтуынша оған тәуелді болып қалмау керек.

«Біздің Ауылдық монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті құқықтық тетіктерге ие: бұл айналымдық айыппұлдар мен монополиялық кірісті алу. Біз биыл әзірге ештеңе қозғаған жоқпыз. Жағдайдың қалай дамитынын мұқият қадағалайтын боламыз», — деп қорытындылады министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу