18 Қаңтар 2018, 03:47
Бүгін Қазақстан Президенті АҚШ-қа ресми сапары аясында Nasdaq компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты.
«Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі шешімдеріңізді қолдаймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қатысушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдайды жасаймыз», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Nasdaq» компаниясының бұл шешімі оның серіктестері мен басқа да шетелдік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты дамытуға жетелейтінін атап өтті.

А. Фридман Қазақстанның халықаралық қаржы орталығын құру жолында атқарған жұмыстарынан алған әсері жөнінде айтты.
«Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұмысына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстың тыңғылықты атқарылғанына ризамыз», — деді «Nasdaq» компаниясының басшысы.
Сонымен қатар, А. Фридман «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастастықты бастауға және Қазақстан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қамтамасыз етуге әзір екенін айтты.
Келіссөз барысында тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстарды орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев А. Фридманды биылғы шілде айында болатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылу рәсіміне қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысы «Goldman Sachs» компаниясының президенті Харви Шварцпен кездесті.

Кездесуде тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Goldman Sachs» компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
«Бүгінде барлық құқықтық жағдай жасалды. Ағылшын құқығы базасындағы сот құрылды. Қатысушылар үшін қажетті барлық жеңілдіктер қарастырылды, соның ішінде виза және салық жеңілдіктері де бар», — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы Американың «Nasdaq» биржасымен және Шанхай қор биржасымен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
Бұдан өзге, бүгін Н. Назарбаев Нью-Йоркте «ExxonMobil» компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен «ExxonMobil» компаниясы арасында мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті.
Қазақстан Президенті бұл компанияның Теңіз және Қашаған мұнай-газ кен орындарын игеруге арналған жобаларға атсалысып отырғанын айтты.
Д. Вудс Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басталуымен және АҚШ Президенті Д. Трамппен өткен келіссөздердің табысты болуымен құттықтады.
Еске сала кетейік, жақында Вашингтонда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Америка Құрама Штаттарының Вице-Президенті Майкл Пенстің кездесуі өтті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.
Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу