2018 жылы ЖЭК 10 объектісін іске қосу жоспарланып отыр — Ғ. Сәдібеков

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Президент Жолдауының 2-бағытын іске асыру аясында еліміздің ресурстық әлеуетін одан әрі дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ұсынылған басымдықты бағыттардың бірі — елде жаңартылатын энергия үлесін ұлғайту, жасыл технологияларға көшу, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу арқылы ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

Іске асырылуы тиісті міндеттердің ішінде заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу қажет, бұл экономиканы экологияландыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға септігін тигізеді.

«Еліміздегі ресурстық әлеуетті дамыту мәселесі дәйекті әрі жүйелі сипатқа ие: Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясындағы қазіргі заманғы өзекті мәселелердің бірі — табиғи ресурстардың сарқылуы», — деді Ғани Сәдібеков.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі мынадай міндеттерді алға қойды:

  • электр энергетикасында 2030 жылға қарай баламалы және жаңартылатын электр энергиясының үлесі 30%-ға жетуі тиіс;
  • энергия тиімділігі саласында 2020 жылға қарай ЖІӨ энергия сыйымдылығын 25%-ға төмендету міндеті тұр.

Вице-министрдің айтуынша, жаңартылатын энергия нарығы жыл сайын өсіп келеді, 2017 жылы 1,1 млрд кВт/сағ өндірілді, бұл 2016 жылға қарағанда 22% артық. 2018 жылғы жоспар 1,7 млрд кВт/сағатты құрайды. Бұдан өзге, өткен жылы 5 ЖЭК объектісі іске қосылды: 3 су электр станциясы (СЭС), 1 жел электр станциясы (ЖЭС), 1 күн электр станциясы (КЭС).

Биыл жалпы қуаты 123 МВт болатын 10 ЖЭК объектісін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ЖЭК-ты одан әрі дамытуды аукциондық тетікке көшкен соң бастау көзделген.

«Бұл, бір жағынан, жобаларды және инвесторларды таңдау процесін ашық  әрі түсінікті етуге жол ашады, ал екінші жағынан, түпкілікті тұтынушыларға ЖЭК қуаттылықтарын енгізу кезінде олардың тарифтеріне әсерін азайтуға мүмкіндік беретін барынша тиімді технологиялар мен жобаларға сүйенуге, сондай-ақ нарық қатысушыларының жауапкершілігін генерациялау, тарату және тұтыну кезінде нақты анықтауға мүмкіндік береді. Аталған жүйе ЖЭК-тің экономикалық тұрғыдан аса тиімді жобаларын дамытуға серпін береді», — деп есептейді Ғани Сәдібеков.

Вице-министр биыл алғаш рет жалпы қуаты 1 ГВт болатын ЖЭК жобалары үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Бірінші сауда-саттық 2018 жылдың мамыр айына жоспарланған.

Аукциондық сауда-саттыққа қатысуға бірқатар отандық және шетелдік компаниялар ниет білдірді, солардың ішінде: ACWA Power (Сауд Арабиясы Корольдігі), SKY Power (Канада), Shell (АҚШ), General Electric (АҚШ), Goldwind (Қытай).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу