Дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу шығынды 25% азайтуға мүмкіндік береді — А. Евниев

Бүгін ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев дәлме-дәл егіншілік және SMART-ферма сияқты технологияларды енгізу туралы айтып берді.

Вице-министр АӨК-ні технологиялық қайта жарақтандыру саласында фермерлер жаңа технологияларды өздері енгізетіндей ету үлкен міндеті тұрғанын атап өтті.   

«Дәлме-дәл егіншілік — бұл бүгінгі таңда әлемдік тренд. Барлық өңірлерде дерлік дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізіп жатқан фермерлер бар», — деді Арман Евниев.

Дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады.

Жалпы, өнімділікті арттыруға ахрохимияны, тұқым шаруашылығын, аграрлық ғылымды жақсарту, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуы мен сапасы, датчиктерді пайдалану және табиғи факторларды есепке алу есебінен қол жеткізуге болады, бұл шығынды кемінде 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 

SMART-фермалардың енгізілуі жануарлар басына мониторинг жүргізуге, табындарды басқаруға, жылыжайларды автономды басқаруға, онлайн-режимде шығыстарды есепке алуға және талдауға мүмкіндік береді.

«Ақылды фермалар — бұл адам еңбегі барынша азайтылып, роботтандыру жүргізу, онда роботтандыру фермада болып жатқан барлық кезеңді басқарады», - деп атап өтті Арман Евниев.

Фермерлерге метеодеректер беру қызметін көрсету үшін халықаралық тәжірибе пайдаланылатын болады. Ағымдағы жылы пилоттық жоба Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылады.

Сондай-ақ, Арман Евниев ҚР АШМ электрондық астық қолхаттары жүйесін дамыту бойынша жұмысты жалғастыратынын баса айтты.

«Аталған жүйе арқылы 2017 жылы шамамен 627 млрд теңге сомасына 19 млн тонна астық өткізілді. Сол себепті, жүйе жұмыс жасайды және одан әрі дамиды», — деді вице-министр.

Жүйеде астық балансының онлайн-мониторингі, астыққа арналған бағаның статистикасы, астықты сақтандыру, астық қабылдау пункттерінің рейтингісі енгізілді. Бұл астық қолхатын қолдан жасауды болдырмауға және фермерлердің шығыстарын жылына 700 млн теңгеге азайтуға мүмкіндік берді.

2018 жылы жүйені дамыту шеңберінде қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг енгізілетін болады.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу