Дүниежүзілік банк сарапшысы цифрлық егіздер векторын дамыту туралы әңгімеледі

2017 жылдың 2 ақпанында Алматыда өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумының пленарлық отырысы барысында Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптау жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан ЕАЭО елдерінің цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру үшін қандай шаралар қабылдау қажет екені жайында айтып берді.

Рандип Судан атап өткендей, Форум аясында көптеген маңызды мәселелер айтылды.

«Менің ойымша, жасанды зерденің өсуі мен кванттық компьютерлік технологияның дамуы теңсіздікті арттырып, АТ қосымшаларын дамытудың белгілі бір аспектілерінде қауіп тудыратын секілді. Бұл салада белгілі бір сын-тегеуріннің бар екенін көріп отырмыз», — деді Рандип Судан.

Осыған орай, сарапшының айтуынша, ашық жасанды зерде мен кванттық компьютерлік технологияларға ден қою үшін елдердің бас қосып, бірлескен тәсілді әзірлеу қажеттігі туындады. Осы процестің ең маңыздысы — шешімдердің әзірленуіне мүмкіндігінше жауапкершілікпен қарау.

Екінші маңызды мәселе, Рандип Суданның берген кеңесі бойынша — бұл деректермен алмасу мәселесіне баса назар аудару.

«Біз цифрлық егіздер векторының дамуы бар екенін көріп отырмыз. Әр адам, әрбір жеке тұлға, объект, процесс бүгінде цифрландырылып жатыр. Менің ойымша, цифрлық куәландырулар немесе деректермен алмасу мүмкіндігін қоса алғанда, кейбір ұсыныстар — өте тамаша шешімдер», — деп сарапшы пікірімен бөлісті.

Дегенмен бұған қоса, объектілер мен процестер туралы деректермен тек үкіметтер арасында ғана емес, сондай-ақ, жеке секторда да алмасу үшін жеке бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Сарапшының пікірінше, деректер неғұрлым әртүрлі болса, бағдарлама мен түсініктемелері де соғұрлым жақсы болады, қызмет сапасы жақсарады.

Дүниежүзілік банк өкілінің айтуынша, келесі сын-тегеурін — дағдыларды дамыту. Сарапшы бүгінде университеттер технологиялардың даму қарқынына ілесе алмай жатқанын айтты. Осыған орай жаңа құзыретті дайындау өте қиын. Рандип Судан жағдайдан шығу жолын ұсынады.

«Профессорлық-оқытушылық құрамы мен бағдарламалары жоқ, алдын-ала квалификациялау және түсуге арналған талаптары жоқ университеттер секілді жаңа бағыттар – білім беруді аталған процеске біріктіретін заманауи модель», — деді Рандип Судан.

Сарапшының пікірінше, цифрлық күн тәртібінің тағы бір маңызды аспектісі — киберқауіпсіздік саласы.

«Киберқауіпсіздік бойынша сақтандыру бағдарламаларын қарастыру қажет. Сақтандыру ұйымдары тек үкіметке ғана емес, жеке сектор үшін де объектіні кепілдендіруге және сақтандыруға сарапшыларды тарта алады», — деп түйіндеді Рандип Судан.

Еске сала кетейік, 2 ақпанда Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» ЕАЭО форумы өтті.

Форумға Арменияның Премьер-Министрі — К. Карапетян, Беларусь Премьер-Министрі — А. Кобяков, Қырғызстан Премьер-Министрі — С. Исаков, Ресей Премьер-Министрі — Д. Медведев, Әзербайжан мен Тәжікстанның ресми делегациялары, сондай-ақ бірқатар ірі халықаралық IT-компаниялардың өкілдері қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу