ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі 09.02.2018

Бүгін Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдағы жұмыстардың қорытындысы мен 2018 жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасады.

Бакытжан Сагинтаев

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан соңғы 10 жылда дағдарыс дауылы алпауыт елдердің өзін шайқаған алмағайып дәуірде, күрмеуі қиын кезеңде дамып келеді. Бұл өркениеттің жаңа технологиялық құрылысқа көшуіне байланысты туындаған түбегейлі және жедел өзгерістердің күрделі кезеңі болды. Дегенмен, Сіздің дер кезінде қабылдаған шешімдеріңіздің арқасында ғана біздің еліміз жағымсыз сценарийлерден аман-есен өтті.

Сіз 2007-2009 жылдары әлемдік қаржы дағдарысына жауап ретінде үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын жарияладыңыз. Қазір оның екінші бесжылдығын іске асырып жатырмыз.

Қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары әлі айыға қоймаған 2014-2015-ші жылдары инфрақұрылымдық дамудың ауқымды жоспары – «Нұрлы жол» бағдарламасын жария еттіңіз. Жаңа жаһандық шынайылықта мемлекетті нығайтып, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, «2050-Стратегиясын» іске асыру үшін халыққа 5 институттық реформа мен оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсындыңыз.

2017-ші жылдың басындағы жаһандық өзгерістер мен әлемдік экономиканы дамытудың жаңа кезеңінде Сіз біздің қоғамды саяси, экономикалық және рухани тұрғыда жаңғыртудың мақсат-міндеттерін нақты айқындап беріп, Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жарияладыңыз.

Қоғамдық сананы жаңа биікке көтеруде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алатын орны ерекше. Өйткені, жаңаша ойлайтын қазақстандық буынды қалыптастыру 21-ші ғасырда бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты болмақ. Сіздің Төртінші өнеркәсіптік революция туралы жаңа Жолдауыңыз Қазақстанды әлемдік күн тәртібінде тұрған аса күрделі мәселелерді шеше алатын өркениетті елдер қатарына қойды.

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіз әрдайым алдағы сын-қатерлерді нақты көре білдіңіз. Стратегиялық нұсқаулар мен тапсырмаларыңызды Үкімет пен әкімдерге алдын-ала беріп отырдыңыз. Сіздің «дағдарыстың өзі – үлкен мүмкіндік» деген формулаңыздың арқасында Қазақстан сынақтардың бәрінен шыңдалып шыға отырып, жаңа жоспарлармен сенімді түрде ілгері басып келеді.

Өзіңіз айқындап берген шешімдерді іске асыру нәтижесінде ғана еліміз 2017-ші жылды нақты табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда:

  • Экономика дамудың тұрақты жолына түсті. Оны Қазақстанның дамуына орнықты болжам ұсынып отырған халықаралық рейтингтік агенттіктер де растады.
  • ІЖӨ өсімі 4% құрады. Өсімнің 60%-на шикізаттық емес секторлар есебінен қол жеткіздік. Бұл – экономиканың тұрақтылығы мен оның құрылымдарындағы оң өзгерістерді көрсететін өте маңызды мәселе.
  • Сыртқы сауда айналымы 25% ұлғайып, 69,5 млрд долларға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5% ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 6,9% артты.

Макроэкономикалық ахуал жақсарды. Инфляция 7,1%-ға дейін төмендеді. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығының қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етілді. Сыртқы қарыз ІЖӨ шаққанда 26% аспайды. Республикалық бюджетке түсім 26,3% көбейді.

Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. Сіздің тапсырмаңыз бойынша базалық әлеуметтік жәрдемақылар өсті. Еңбегі бойынша зейнетақы көлемі 20%-ға дейін ұлғайды. Бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы 27%-ға көтерілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.

4 млн адамға жуық адам қатысқан «Болашақтың Энергиясы» ЭКСПО 2017 көрмесін өткізу маңызды халықаралық оқиға болды. Көрме шағын және орта бизнестің, сауда-саттықтың, жасыл технологиялардың дамуына серпін берді.

Осылайша, Ұлт жоспары мен барлық мемлекеттік және салалық бағдарламалар нақты іске асты. Олардың ең маңызды нәтижелеріне кеңірек тоқталып өтемін.

 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары Үкіметтің ерекше назарында. Оны іске асырған үш жылдың ішінде мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің міндеттеріне жауап беретін 74 заң және 500-ден астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Жоспарды іске асыра бастаған сәттен барлығы 55 қадам орындалды.

Бірінші реформа – кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісіне көшу құзыреттілік бойынша мансаптық ілгерілеуде қызметкерлерге тең мүмкіндіктер берді. Мемлекеттік қызметкерлерді  аттестаттау  өткізілді. Нәтижелер бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін апробациялау басталды.

Екінші реформа – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Азаматтар мен бизнестің құқықтарын дер кезінде қорғауды қамтамасыз ететін бес сатылы сот төрелігі жүйесінен үш буынды жүйеге көшу жүзеге асырылды.

Сот корпусына талаптардың сапасы артты, олардың есеп берушілігі күшейтілді. Инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі, АХҚО Халықаралық арбитраж орталығы құрылды.

Жергілікті полиция қызметі құрылды және полиция қызметкерлерінің әрекетіне азаматтардың шағымдарын қарау бойынша қоғамдық кеңестер құрылды.

Үшінші реформа – әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсім. Монополияға қарсы заңнама ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес келтірілді. Құрылыс саласында рұқсаттар алу үдерісі қысқартылды, Еурокодтар енгізілді, ескірген құрылыс нормалары мен ережелері алынып тасталды. «Жер және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданды.   ҮАААЖ жобасын іске асыру басталды. Астана Халықаралық қаржы орталығы құрылды.

Жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Әлеуметтік көмектің атаулылығы күшейтілді. Аз қамтылған отбасыларға арналған бірыңғай жәрдемақы жүйесі енгізілді. Жаңа Салық және Кеден кодекстері күшіне енді. Салық реформасы бюджетке түсімдерді 2018 ж. 90 млрд теңгеге, ал үшжылдық бюджетте – 300 млрд теңгеге ұлғайтады.

Төртінші реформа – бірегейлік пен бірлік. Қазақстан халқы Ассамблеясы институционалдық тұрғыдан нығайтылды. Жастарға арналған жаңа әлеуметтік лифттер құрылды. Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету бойынша жұмыс ретке келтірілді.

Бесінші реформа – есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Қоғамдық кеңестер мен халық алдында жыл сайын есеп беру институты құрылды. Бюджет қаражатын игеруді бақылау мен аудитінің жаңа үлгісі енгізілді.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң іске асырылуда. Мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелі ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру басталды. «Ашық үкімет» енгізілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 64 млн қызмет көрсетті.

Бұл қадамдардың бәрі экономиканың жаңа моделін құруда және оның ұзақ мерзімді тұрақты дамуында үлкен маңызға ие.

 

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – әртараптандыру мен өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы.

2010 жылдан бастап 6 трлн теңгеге 1148 жаңа жоба іске қосылды. 107 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Өнімділігі әлдеқайда жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығару қолға алынды. Жаңа, бұрын өндірілмеген жоғары технологиялық тауарларды экспортқа шығару басталды, олардың ішінде локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, автомобильдер, тау-кен және мұнай-газ жабдықтары бар.

Фармацевтикада, автомобиль жасауда, электротехникалық машина жасауда, химия өнеркәсібінде, азық-түлік өндірісінде  едәуір өсімге қол жеткізілді.

Нәтижесінде өңдеу секторының өнеркәсіпке үлесі 2010 жылғы 31%-дан 2017 жылы 40%-ға дейін ұлғайды. Еңбек өнімділігі артты. Әр жұмыскер орта есеппен алғанда 10 мың долларға артық өндіре бастады.

2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны өзінің бесжылдық ең жоғары шегіне – 5,1%-ға жетті. 1,5 трлн теңге инвестицияға 120 жоба іске қосылды және 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Осы қарқынды біз биыл да қамтамасыз етуге ниеттіміз.      

Шикізаттық емес тауарларды экспорттау 22% өсіп, өнім тасымалы 122 мемлекетті қамтыды. Бүгінде Қазақстан өнім өңдеу секторының 800-ден астам тауарын экспорттауда.

Үкімет Сіздің бастамаңызбен жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс атқаруда. 2022 жылға қарай еліміздегі барлық елді-мекендер кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілетін болады. Цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау мен халықтың цифрлық сауаттылығы үшін оқыту бойынша жоспар қабылданды.

Индустрия 4.0 элементтерін алғашқы 500 өнеркәсіптік кәсіпорында енгізу және базалық салаларды технологиялық қайта жарақтандыру бойынша іс-шаралар әзірленді. ERG, Қазмырыш, ArcelorMittal, Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп сияқты жетекші компаниялардың базасында моделді цифрландыру фабрикаларын құру басталды.

Электрондық коммерцияны, венчурлық қаржыландыру индустриясын, тұтастай IT-саланы дамытуға арналған заңнамалық нормалар әзірленді. «Ақылды қалаларды» дамыту тұжырымдамасы бекітілді, соған сәйкес жыл соңына дейін әрбір өңірде пилоттық жобалар жүзеге асырылады.

 

Инвестициялар тарту. Сіздің тікелей көңіл бөлуіңіздің арқасында, Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 млрд долларға жуық инвестиция тартылды және Қазақстан осы көрсеткіш бойынша аймақта көшбасшы болып табылады.  

Бүгінгі таңда инвестициялар ағынының құрылымы өзгерді. Шетелдік инвестициялардың 25% өңдеу өнеркәсібіне, ал жалпы шикізаттық емес секторға 50% жуығы бағытталуда. Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа легі келе жатыр.

Chevron компаниясының 37 млрд АҚШ доллар инвестициясы құйылған Теңізді кеңейту жобасы - бүгінгі күні еш теңдесі жоқ ірі жобалардың бірі.

Сіздің Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Түркия және басқа елдермен өндіріс қуаттылықтарын дамыту бойынша жалпы сомасы 50 млрд АҚШ долларына жуықтайтын келісімдеріңіздің іске асырылуы Үкіметтің бақылауында.  

 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама бойынша ауқымды көлік, индустриалдық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының арқасында жыл сайын ең кемі 100 мың жұмыс орны құрылуда.

Біріншіден, автомобиль жолдарының заманауи желісі құрылды.

2015-2017 жылдары «шұғыла қағидаты» бойынша Астананы еліміздің барлық өңірлерімен байланыстыратын 2 мың шақырым автомагистраль салынды. 2017 жылы 4 мың шақырымнан астам жолда құрылыс пен қайта жөндеу жұмыстары жүрді. 600 шақырымға көлік қозғалысы ашылды.

2018 жылы 500 шақырымнан астам автожол құрылысы аяқталады. Сіздің жаңа Жолдауыңызға сәйкес, жергілікті жол желілерін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Оларды қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге дейін жеткізіледі, бұл қалалар мен ауылдарда өмір сүру сапасын жақсартады.

Екіншіден, темір жол және авиациялық инфрақұрылым жаңғыртылып, кеңейтілді. Үш жыл ішінде жаңа нарықтарға тауар тасымалдау көлемі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берген 1 376 шақырым теміржол салынды.

Еліміздегі көптеген әуежайлардың ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалдары реконструкцияланды. Астанада жаңа темір жол вокзалы мен Халықаралық әуежай терминалы салынды.

Үшіншіден, Орталық Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретінде еліміздің транзиттік әлеуеті жүзеге асырылуда. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің қазақстандық бөлігінің құрылысы толығымен аяқталды.

Магистраль еліміздің 5 облысында халқының жалпы саны 5,5 млн адамға жуықтайтын 240-тан астам елді-мекенді қамтиды және ол қазірдің өзінде экономиканың дамуы үшін тиімділігін көрсетіп отыр. Атап айтсақ, өңірлер арасындағы жүк айналымы 2,5 есеге, транзиттік автотасымалдар 3 есеге ұлғайды. Жобаның орташа жылдық тиімділігі 180 млрд теңгені құрайды және жылдан-жылға арта береді.

Еліміздің Шығысы мен Батысында жаңа логистикалық хабтар, сонымен қатар Ляньюнгань теңіз портында бірлескен қазақстандық-қытайлық логистикалық терминал салынды.

Түркия мен Грузия арасындағы Карс-Ахалкалаки теміржол учаскесінің аяқталуын қоса есепке алғанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын жүк ағынымен толықтыру жұмыстары басталды. Нәтижесінде транзиттік жүк көлемі 20%, 18,1 млн тоннаға дейін артты. Транзиттік тасымалдардан түскен кіріс 353 млрд теңгені құрады.

Міндет — 2020 жылға қарай барлық транзит түрлерінен түсетін пайданы 5 млрд долларға дейін  жеткізу және Қытайдан Еуропаға 2 млн контейнерлер транзитін қамтамасыз ету.

 

«Нұрлы жер» бағдарламасы. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақстандықтарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келесіз.

Осы жылдар ішінде 130 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, бір миллион екі жүз мың отбасы баспанамен қамтылды. 2017 жылы рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға ие болды.

Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысында мемлекеттік емес қаражат басым екені қуантарлық жайт, олардың үлесі - 84%. 1 бюджет теңгесіне 5,4 теңге жеке инвестиция тартылды.

Ауқымды тұрғын үй құрылысы құрылыс индустриясының дамуына мультипликативті әсерін тигізді. Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі  440 млрд теңгеден асты.

 

АӨК

Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі артты. Субсидиялардың 65 түрі қайта қаралды, және онымен АӨК субъектілерін қамту кеңейтілді. 2017 жылы АӨК қолдау көлемі 18% артып, 260,5 млрд теңгені құрады.

Облыстар көлемінде Агроқайтаөңдеу картасы әзірленді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 30% артты.

2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін толық алды, бұл бізге мал шаруашылығы өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді.

Сіздің Қытай, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иранның көшбасшыларымен жеке келісімдеріңіздің арқасында осы елдердің нарықтары қазақстандық өнім экспорты үшін ашылды. Мысалы, тек Қытайға экспорттың өзі 30% артты.  Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны өңдеу өнімдерінің экспорты 10% артты.

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өсімі 2,9%, азық-түлік өнімдерінің өсімі 4% астамды құрады.

 

Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. Алғашқы жылы оған 570 мыңнан астам адам қатысты, олардың 315 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 136 мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.

Сіздің жастарға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу бойынша тапсырмаңыз орындалды. Қосымша 21 мың адам оқуға кірісті.

Жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін табанды түрде реттеусіздендіру жүргізілді, жаңа Кәсіпкерлік кодексі қабылданды. Рұқсат беру құжаттары 3 есе, тексерулер 4 есе қысқарды. Барлығы 192 мың кәсіпкерлік субъектісі 286 млрд теңге көлемінде қолдауға ие болды. МЖӘ дамыту бойынша шарттар жақсартылды. Барлығы 146 млрд теңгеге 160 келісімшарт жасалды.

Қабылданған шаралар шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісін 29%-ға арттыруға мүмкіндік берді, ал экономикадағы ШОБ үлесі 27% жуықтады.

 

Аса мәртебелі Елбасы!

Сіздің «Рухани жаңғыру» бағдарламаңызда айтылған тапсырмаларыңыз экономиканы жаңғырту процесстеріне маңызды идеологиялық қолдау көрсетіп отыр.

Жастардың бойында болашақ қазақстандықтың сапасын тәрбиелеуге қатысты жаңа білім беру саясаты қалыптасуда.

Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне 2025-ші жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру бойынша Іс-шаралар жоспары дайындалды.

«Жаңа гуманитарлық білім» жобасының аясына 800 атаудан тұратын оқулықтар тізімі әзірленді. Олардың ішінде әлемдегі ең озық 17 гуманитарлық оқулық қазақ тіліне аударылып, жарық көрді.

«Туған жер» жобасы аясында елімізде 700-ден астам іс-шара атқарылды, тағы 300-ден астамын іске асыру жалғасуда. Меценаттардың есебінен 51 млрд теңгеден астам демеушілік көмек алынды.

«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша жалпыұлттық маңызы бар 183 нысан және жергілікті маңызы бар 520 нысан анықталды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 5 тіліне дубляждалатын 4 фильмді түсіру жұмыстары жүруде.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары анықталды. Олармен Сіз өткен жылдың желтоқсан айында кездестіңіз.

Төл мәдениетіміздің озық үлгілерін шетелдерде таныстыру үшін Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық мәдениетіміздің ең үздік жетістіктері таңдап алынды.

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Бағдарламаларды іске асыруға байланысты Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері осындай.

Бүгінгі күні Үкіметте Сіздің жаңа Жолдауыңыздағы міндеттерден және стратегиялық құжаттардан туындайтын 2018-ші жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары бар.

Үкімет Сіздің сеніміңізді ақтау үшін алға қойған мақсат-міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады деп Сізді сендіргім келеді.

Назарларыңызға рахмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу