15 Ақпан 2018, 03:23
Алматыда 2 ақпанда ТМД елдерінің премьер-министрлерінің, ЕЭК алқа төрағасының жəне халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Жаһандану дəуіріндегі цифрлық күн тəртібі» ЕАЭО халықаралық форумы өтті. Пленарлық сессия модераторы — CNews бас редакторы Максим Казак пікірімен бөлісті.
Максим Казак өз сөзінде ТМД елдері цифрландыру міндеттерін сəтті еңсеріп жатқанын атап өтті. Халықаралық электр байланысы одағының деректері бойынша, ТМД аумағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қолжетімділік бойынша жəне оларды қолдану тұрғысынан Еуропа аумағынан кейінгі екінші орында тұр.
«Бүгінде біз жекелеген ақпараттық жүйелердің салалық жəне салааралық цифрлық платформаларға бірігіп жатқан кезеңінде тұрмыз. Бұл өте маңызды процесс. Технологиялық тұрғыдан, қазіргі таңда мамандар не істеу қажет екенін түсініп, біліп отыр», — деді Максим Казак.
Шара модераторының айтуынша, ТМД елдері әлемнің басқа елдері секілді мүлдем басқа мəндегі өзге сын-тегеуріндермен соқтығысты.
«Адамзат жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы пайдаланып келген технологиялар мен іс-əрекеттер көз алдымызда түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатыр. Жеке криптовалюталар бəрімізге үйреншікті əрі мемлекеттер қолданып келген дəстүрлі ақшалардың беріктігін сынауда. Роботтандыру өнеркәсіпте адам еңбегін пайдалану мөлшерін бірден қысқартады, және бай елдерге 30 жыл ішінде өздерінің арзан еңбек күшін сатып келген кедей елдер миллиондаған жұмыс күштерін жоғалта бастайды. Бай елдерде оларды роботтар алмастырады. Блокчейнмен, жасанды зердемен және өзге де технологиялармен байланысты осыған ұқсас мысалдарды көптеп атап өтуге болады. Осының барлығы біздің елдеріміздің үкіметтері үшін күрделі мәселені туындатып отыр, дегенмен, басқа өзгерістер секілді бұл да бізге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Әрине, оларды қолдануға біз міндеттіміз», — деді Максим Казак.
Пікірталас қорытындысын шығара отырып, Максим Казак «бүгінгі кездесу бізде табысқа жетудің басты белгісі — өзгерістерге деген құлшыныстың бар» екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» ЕАЭО халықаралық форумын өткізуге Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бастама білдірді. Форумның пленарлық сессиясы барысында Армения Республикасының Премьер-Министрі — Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі — Андрей Кобяков, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі — Сапар Исаков, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі — Бақытжан Сағынтаев, Ресей Федерациясының Премьер-Министрі — Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі — Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Махмадтоир Зоир Зокирзода сөз сөйледі.
Сондай-ақ, талқылауларға халықаралық сарапшылар, соның ішінде Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптама жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан, Autodesk Innovation Genome негізін салушы Билл О’Коннор, Халықаралық электр байланысы одағының бас хатшысының орынбасары Малкольм Джонсон, Dell EMC бас техникалық офицері Найджел Моултон, Ұлыбритания үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл, Gartner басқарушы вице-президенті Андреа Ди Майо, Dynamic Parcel Distribution бас атқарушы директоры Борис Винкельман және т. б. қатысты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу