16 Ақпан 2018, 09:33
Өткен үш жылдың ішінде «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 2,6 млрд теңге сомасына 64 жоба қаржыландырылды, ал тек 2017 жылы 713 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ИДМ Технологиялық және инновациялық даму департаменті директорының орынбасары Несіпгүл Есембаева айтты.
Инновациялық технологиялар паркі бойынша осы кезге дейін атқарылған іс-шаралар туралы мәліметтерді баяндаған Н. Есембаева арнайы экономикалық аймақта 134 компания тіркелгенін айтты.
«Оның 66-сы экстерриториялық принцип бойынша жұмыс істейді. Инновациялық технологиялар паркі бойынша салық түсімдері 14,1 млрд теңгені құрады. Жұмыскерлер саны көбейді, қазір 3695 қызметкер бар, оның ішінде 2017 жылы 713 жаңа жұмыс орны құрылды», — деді департамент басшылығының өкілі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында Алматы қаласында орналасқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ын дамыту бойынша тәсілдерді қайта қарастыруды тапсырған болатын.
Өз кезегінде, арнайы экономикалық аймақты басқару компаниясы — «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры ҚР ИДМ қарауынан ҚР АКМ қарауына берілетін болады. Себебі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыратын басты үйлестіруші орган, ал инновациялық технологиялар паркі аясында дамытылатын жобалардың 80 пайызы экономиканы цифрландырумен және цифрлық экспортпен байланысты.
Осы орайда, парк қызметкерлерінің саны туралы сауалға жауап берген инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев жаңашылдықтарға байланысты қызметкерлерді қысқарту көзделіп отырмағанын жеткізді.
«Қазір тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп жатыр, әкімшілік шешімдер қабылдануда. Алматы қаласы smart-sity бағыты бойынша табысты дамып жатқанын білесіздер. Ол үшін тиісті бюджет те қарастырылған. Бұл үрдіске Алматыдағы көптеген компаниялар тартылған», — деді Т. Тоқтабаев.
Сондай-ақ ол арнайы экономикалық аймақ экстерриториялық болғандықтан, ол жерде болмай-ақ қашықтықтан жұмыс істеуге болатынын атап өтті.
«Мұның барлығы кешенді түрде қарастырылатын болады. Қайта, біз мұнда жұмыс істейтін адамдар санының артуын күтіп отырмыз. Қазір екінші кезегі аяқталады. Яғни, ол толық салынды, бұл тағы көбірек жұмыс күшін тартуды қажет етеді», — деп нақтылады ол.
2003 жылы жаңа бәсекеге қабілетті салалар құру мен еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатында «Ақпараттық технологиялар паркі» құрылған болатын. 2011 жылы оның атауы «Инновациялық технологиялар паркі» деп өзгертілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу